ЕЛДІ МЕКЕНДЕР ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ
Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналды.
Саяси құжаттың ауқымдылығы мен мазмұндылығы, ондағы көрсетілген алдағы міндеттер ел эконмикасын ілгерілетуді көздейді.
Жолдауда қамтылмаған сала жоқ. Онда Елбасы ауылдық жерлердің де әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттілігін еске салды.Сондай-ақ, ол осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыратын «Ауыл – ел бесігі» атты жобаның басталғанын айтты. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – ауылдардың әлеуметтік ортасын жаңғырту. Жарқын жоба осыған дейін жұмыс жасап келе жатқан «Туған жерге туыңды тік» атты бағдарлама аясында қолға алынған ілкімді істерді қуаттай түсері сөзсіз. Осыған дейінгі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларын қарасаңыз, ондағы бағдарламалар мен жобалардың бір-бірімен сабақтастығын байқайсыз. Алдағы міндеттерді пысықтауда бұл сабақтастық маңызды рөл атқарады.
Кез келген жерде істің ілгерілеуі алдымен сол ортадағы әлеуметтік жағдайдың жақсаруына байланысты. Сондықтан, Президенттің биылғы Жолдауын елдің әл-ауқатын одан әрі арттыруға арнағаны да тегін емес. Ол осыған дейін бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда білім саласын әлі де жетілдіру тетіктерін қарастыруды назардан тыс қалдырған емес. Бұл мәселе биылғы Жолдауда да қамтылды. Мәселен, мұнда Елбасы балабақшалардағы сапа мен тәрбиешілер еңбекақысын көтеру қажеттігін айтты. Бұл жерде қос міндеттің біреуіне жұмыс жасасақ, сапа өздігінен пайда болары сөзсіз.
ҚР Президентінің Бұл Жолдаудағы айтып отырғаны ұтымды ұсыныс. Себебі, ілімнің алғашқы баспалдағын мектепке дейінгі білім беру мекемелері қалайды. Сондықтан, балабақшадағы білім беру сапасын түбегейлі күшейту жұмыстарын қолға алу бұл саланың бір ізге түсуіне ықпал етеді.
Садық ӘЛИЕВ
«Нұр Отан» партиясының ардагері