ЖОЛДАУ: БАСТЫ БАСЫМДЫҚ - ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ
Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауының негізгі өзегі бұл жолы да барша қазақстандықтардың әлеуетін арттыру, тұрмысын жақсарту – еліміздің экономикасын жан-жақты дамытудың жаңа формасын қалыптастыруға бағытталып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын Қазақстан халқына өз Жолдауын арнап, тәуелсіз Қазақстанның дамуының басты бағыттарын белгілеп келеді. Соның нәтижесінде еліміз дамыған елдердің алдыңғы қатарына ену мақсатында үлкен жұмыстар атқаруда.
Елбасының халыққа Жолдауы жақсы дәстүрге айналды. Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында айтылған 6 негізгі бағыт халықтың жағдайын жақсарту жолдарын анық көрсетіп берген болатын және адами капиталды дамытуға ерекше назар аударды. Сын-қатерлерге төтеп берудің және мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы – адам десек, Қызылорда облысындағы халық саны соңғы 10 жылда 111,7 мың адамға көбейіп, 2018 жылдың 1 қыркүйегіне 790,5 мың адамды құрады.
2018 жылдың 8 айында 12,6 мың бала дүниеге келді. Оның 121 жұп егіздер, 2 жұп үшемдер туылған. Еңбекке қабілетті жастағылардың саны артуда (2018 жылдың 1 қаңтарына 446,1 мың адамды құрады), 100 тұрғынға 8 зейнеткерден келеді. Өлімге қарағанда туу көрсеткіші жоғарылауда. Қазақстанның табысты болашағының негізгі - "Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт" десек . соңғы 10 жылда өмір сүру ұзақтығы 66,3 жастан 72,6 жасқа дейін жоғарылады.
Осы Жолдау айқын әлеуметтік сипатқа ие. Бұл құжатта мемлекет басшысы қазақстандықтарды соңғы уақытта мазалаған өзекті мәселелерді, сондай-ақ оларды шешу жөніндегі нақты шараларды көтерді. Бұл халықтың табыстарын арттыру мәселелері.
Облыс бойынша орташа айлық жалақы қарқынды өсуде. 2018 жылдың ІІ тоқсанында орташа еңбекақы 133 516 теңгені құрап, осы жылдың І тоқсанымен салыстырғанда 9,4 пайызға көбейді. Оған әсер еткен – жаңа жұмыс орындарының құрылуы, өндірістің өсуі және жаппай кәсіпкерлікке дамыту арқылы нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған әлеуметтік саясат.
Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет екендігі атап көрсетілді.
Жүзеге асып жатқан бағдарламалар аясында облыстағы пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі соңғы 5 жылда 2 есеге өскен, яғни 2185813 шаршы метр тұрғын үй салынды, оның ішінде жеке тұрғын үй 1 933074 шаршы метр.
Ал, негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйегіне 166377 млн теңгені құрап, нақты индекс көлемі 9,8% - ға жетті.
Президент Қазақстанның табысты жаңғыруын қамтамасыз ету үшін бастамашыл белсенді сыртқы саясатты одан әрі жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Толыққанды интеграциялық бірлестік әрі әлемдік экономикалық қатынастардың белсенді мүшесі ретінде қалыптасқан Еуразиялық экономикалық одақ табысты жұмыс істеуде.
2018 жылдың қаңтар-шілдесіне Қызылорда облысының ЕАЭО елдерімен өзара саудасы 42,2 млн. АҚШ долларын құрады десек, 2017 жылғы қаңтар-шілдесіне 10,3%-ға көбейгенін атап өту керек.
Біз сауда және инвестиция саласындағы ірі серіктесіміз – Еуропа Одағымен қарқынды ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз.
Қазіргі таңда әрбір қазақстандық елдегі даму үдерістеріне араласып, жүргізіліп жатқан реформаларға мән беріп, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын –шын мәнінде ұлттық деңгейге көтеруге ат салысуы қажет.
Жолдау, қоғам өмірінің барлық салаларын қамтуымен ерекшеленеді. Оны қазіргі кезеңде ұзақ мерзімді перспективада және қазақстандық қоғамды дамытудың тұғырнамасы деп батыл атауға болады. Аға ұрпаққа қамқорлық көрсету, жастарға тәлімгерлік, мүгедектер мен аз қамтылған отбасыларға қамқорлық көрсету сияқты бастамалар Департамент ұжымында өз көрінісін тауып келеді.
Сонымен қатар, 2019 жыл «Жастар жылы» болып жарияланғандықтан, біз Департаментте "Жастар клубын" құруды жоспарлап отырмыз, ол мәдени және спорттық іс-шараларды өткізу, түрлі семинарлар, форумдар және т. б. өткізу мәселелерімен айналысатын болады.
М.БАЕКЕЕВА
ҚР ҰЭМ Статистика комитеті Қызылорда
облысының Статистика департаментінің басшысы.