РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТКЕ ЖОЛ АШАДЫ
«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек».
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ел болашағы туралы, қоғамды жаңарту жолындағы терең мазмұнды идеяларын халықтың назарына жеткізіп, мемлекеттің перспективалы даму жолдарын ашық көрсеткен.
Барыңды бағалай білу қоғам үшін маңызды. Кейде алған асуларымыз бен жеткен жетістіктерімізді дұрыс бағалай алмай жатамыз. Тəуелсіздіктің қадір-қасиетін, елдің бірлігі мен татулығын, тұрақтылықтың – біздің қоғам үшін маңызды екенін кейде ойымыздан шығарып аламыз. Тəуелсіздік-сананың, рухтың негізі, күретамыры екенін кейде сезінбейміз. Осы бағытта идеологиялық жұмыстың пəрменділігін арттырған дұрыс қой деп ойлаймын.
Біз ой санамызды өзгерте отырып, Елбасы айтқандай нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалана білуіміз керек.
«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақ-стандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында», – деп мақалада атап көрсетілген.
Бəсекеге қабілеттілік – қоғамның қозғаушы күші. Оның өміршеңдігі мен артықшылығын басқалар алдында дəлелдеу нəтижесінде пайда болған көрсеткіш. Жай ғана көрсеткіш емес, сапалы, тиімді көрсеткіштер. Сол көрсеткіштер арқылы оған деген сенім артады, қызығушылық туындайды. Ол көрсеткіштер көп жағдайда ұлттың рухани, мəдени болмысымен байланысты.
Компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мəдени ашықтық сияқты факторлар осы заманда əркімнің алға басуына қажетті алғышарттар болып табылады. Олар ұлттың сапалық көрсеткіштерін арттырып, адамзат өркениетінің дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік туғызады. Компьютерлік сауаттылық сандық экономика мен сандық ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады.
Ұлтымыздың бəсекеге қабілетті, мықты болуы үшін не істеуіміз керек?! Ұлт ұстазы А.Байтұрсынов «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіруіміз керек. Басқадан кем болмас үшін біз – білімді, бай һəм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек. Бай болуға – кəсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп, өткен ғасырда айтып кеткен. А.Байтұрсыновтың осы сөздері бүгінгі күні де маңыздылығын əлі жоғалтқан жоқ.
Заман ағымына сай өмір сүру үшін, өзгелердің озық жетістіктерін қабылдай білуіміз керек, жаңа идеялар арқылы болашағымызды баянды ете білуіміз керек. Уақыт бізді күтіп тұрмайды, қазір жаһандық жаңа үрдістер біздің өмірімізге дендеп, еніп барады. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті әрбір қазақстандық үшін аса қажет. Елбасы айтқандай, «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек».
Ел Президентінің айтқан осындай терең ойлы сөздерінен біздің әрқайсымыз өз ісімізді, күнделікті тұрмысымызды, әдет-дағдымызды жаңғыртып, дұрыс ұстануға міндеттіміз.
Қазақстанда 2030 жылға дейін Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін түбегейлі өзгертіліп, іске асырыла бастады.
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіндегі көптеген түбегейлі өзгерістер 2009 жылы «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануымен бастау алған.
Жүйедегі өзгерістердің негізгі басымдықтары әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамытудың әлемдік үдерістерін ескере отырып әзірленген.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, мемлекет кепілдік берген және тегін негізде көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету тізбесі жүйеленіп, белгіленген. Оған әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-экономикалық қызметтер енгізілген.
Уақыт бір орнында тұрмайды, күн сайын қай салада болмасын түрлі өзгерістер болып жатыр. Өзгермейтін бір нәрсе ол – білім.
Замана ағымына ілесіп, күрделі ғылым-білімді меңгеретін, заманауи үрдістерді қоғамға ендіруге күш салатын біздің жастарымыз болуы керек.
Бүгінгі таңда, қоғамды жаңғыртатын, мемлекетіміздің өркениет көшінен қалмай ілгерілуіне үлес қосатын лайықты, білімді, жастар мол мүмкіндіктерге ие.
Елбасы «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» атты мақаласында, нақты бағыт бағдарымызды белгілеп берді, енді соны лайықты жүзеге асыру баршамыздың ұлттық парызымыз болып табылады.
Б.ИБРАЕВА