ӨЗ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ – АУЫЛ ЖАНАШЫРЫ
Маңдай тер еңбегінің арқасында жетістіктерге жетіп, сол жетістігі арқылы өзгелерге де қолдау көрсетіп келе жатқан жомарт жандарды елге таныту, оның туған жерге жасаған әрбір ісін көпшілікке паш ету «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынғаны белгілі. Аталған бағдарлама негізінде ұйымдастырылған республикалық «Жомарт жүрек» байқауы бойынша Қармақшы ауданының жеңімпаздары арасында «Жыл меценаты» номинациясы бойынша «Тұрмағамбет» ЖШС-нің директоры Нұржан Пірмантаев марапатталған болатын.
Қармақшы ауданына қарасты Тұрмағамбет ауылдық округіндегі қайсыбір игі істің жанынан табыла кететін Нұржан Пірмантаев осы ауылдың халық қалаулысы.
Атап айтар болсақ, ауылда өткізілетін мерекелік іс-шаралардың жоғары деңгейде аталып өтуіне қаржылай көмек көрсетеді. Сонымен қатар ауылдағы мектеп және балабақша жанынан ашылған жазғы тынығу лагерьлерінде оқушылардың демалуына мүмкіндік жасаған. Кәсіпкер ауылдағы аз қамтамасыз етілген отбасыларды да назардан тыс қалдырған емес. Мұндай отбасыларға қайырымдылық жасап, керекті азық-түлікпен қамтамасыз еткен.
Нұржан Пірмантаев 1969 жылы Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген.
Мектеп бітіре салысымен Отан алдындағы борышын өтеп келіп, 1990 жылы Қызылорда политехникалық техникумына оқуға түседі. «Техник-құрылысшы технолог» мамандығы бойынша білім алып, «ПМК-30» мекемесінде жұмысшы болып орналасады. Қарапайым жұмысшыдан бригадирлікке дейін көтерілген ол өндірістен қол үзбей Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Инженер» мамандығын тәмәмдаған.
2006-2008 жылдары Тұрмағамбет ЖШС-інде бас агроном, бас инженер-механик қызметтерін атқарып, 2008 жылдан бастап Тұрмағамбет ЖШС-нің директоры қызметін атқарып келеді.
Көп жылдардан бергі еселі еңбегінің нәтижесінде сан мәрте түрлі марапатқа да ие болған. 2008 жылы жоғары, әрі сапалы өнім жинауды қамтамасыз еткені үшін аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған. «Қызылорда қаласына 190 жыл», «Қызылорда облысына 70 жыл» және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталған. Сонымен қатар 2013 жылы аудан бойынша «Жылдың ең үздік меценаты» номинациясына ие болған. ҚР мәслихаттарының құрылуының 20 жылдығына орай, ҚР жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқаруының және ауылшаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Ауданның саяси-әлеуметтік және экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, облыстық, республикалық деңгейдегі мәдени шараларды ұйымдастыруға демеу көрсетіп жургені үшін «Жыл қамқоршысы» номинациясымен марапатталған. 2016 жылы аудандық мәслихатқа депутат болып сайланып бүгінде халық қалаулысы ауылдағы саяси-қоғамдық өмірге етене араласып жүр. Аянбай еткен еңбегінің арқасында кеудесін медальға толтырған Нұржан Пірмантаев «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен және ҚР-ның «Тәуелсіздігіне -25 жыл» мерекелік медалімен наградталған.