Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЕСТЕЛІК ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІК

ЕСТЕЛІК ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІК


Жаңақорғанның қаламы қарымды, азаматтық тұлғасы биік азаматтарының бір – Үсен Әбшеновпен қызмет бабында, жеке өмірімізде жақсы араласқан едік. Менің жиен ағам, қанша жыл аудандық ауруханың бас дәрігерінің орынбасары болып қызмет істеген Зұлқарнай Сқақовпен жолдастығы құда жекжаттықа ұласқан араластығы бар еді. Аудандық жастар ұйымы мен партия комитетінде қызмет істеген жылдары Үсен ағамен туыстық жолмен ғана емес, шығармашылық жолменде тығыз араласқан едім.
Көпті көрген, білімді де білікті журналист ағамен жолыққанда әңгімеміз қызықты болушы еді. Сондай сұхбаттардың бірі Сәбит Мұқановқа қатысты өрбіген болатын. Мақаламды «Естелік жайлы естелік» деп атауымның сыры осы.
Мен Сәбекеңді көре алғам жоқ. Бірақ барлық шығармасын оқу арқылы Сәбекеңді танып алдым десем болады. Әйтсе де, ұлы тұлғаның көзін көріп, сөзін естіп, шапағатына бөленгендер майын тамыза сыр шертетін еді. Сәбең туралы көзі тірісінде аз ғана уақыт жанасып, бүкіл өмір бойы Сәбекеңнің табынушысына, құрметтеушісіне айналғандардың бірі – Үсен аға еді.
Аудандық, облыстық газеттерде ұзақ жыл жемісті еңбек еткен Үсен аға Сәбең туралы небір тартымды әңгімелер айтушы еді. “Сәбеңді алғаш көргенім күні бүгінгідей көз алдымда” дейтін Үсекең. 1966 жылдың көктемі еді. КазМУ-да журналистика факультетінде оқимын. Бірде университеттің «Жеті муза» өнер бірлестігінде Сәбитпен кездесу ұйымдастырылды. Мен белгілі домбырашы Самиғолла Аңғарбаев жетекшілік ететін университет оркестрінің мүшесі едім. Кездесуде Әлшекейдің «Толқын» күйін орындадым. Кездесуден соң кафедра меңгерушісі Бейсенбай Кенжебаев шақырады деген соң «Не болып қалды екен» деп ентіге жетсем бөлмеде Сәбең екеуі отыр екен. Бейсекеңнің таныстыруынан соң Сәбең менен Әлшекей күйші туралы сұрады. Мен жазушыға үркіншілік жылдары Өзбекстен жерінде күйші ұрпақтарымен бірге болғанымызды, Әлшекейдің күйлерін ұрпақтарынан үйренгенімді айттым.
– Мына тартқан күйің құлаққа жағымды, көңілге қонымды екен. «Толқын» десе дегендей, көңілді тал бесіктей тербейді. Сыр бойының сазы екендігі мен мұңдалап тұр. Өзі жатқан бір қазына екен-ау! Әлшекейдің атын сонау жиырмасыншы жылдары Қызылордада жұмыс істеп жүргенде құлағым шалғандай еді. деп әлденені есіне түсіргісі келгендей ойланып қалды. – Талабыңа нұр жаусын. Сен енді бұл істі аяқсыз қалдырма. Әлшекейдей күйшіні елге таныт, деп арқамнан қақты.
Кейіннен әртүрлі жағдайда жазушымен талай кездестім. Әйтсе де осы алғашқы кездесу есімнен шықпастай болып қалды, деген еді Үсен аға.
Халқымен тағдырлас Әлшекей күйші Қазақстанда орнаған жаңа заманнан опа таппады. Саяси қысыммен үркіншілікке түсіп, сүйегі жат жерде қалды. Оның мұрасын зерттеген ешкім болмады. Кедейдің күйшісі мен жалшының ақынын насихаттап жүргенде Әлшекей сияқты бай ортадан шыққан өнерпаздардың мұрасы шет қала берді. Менің аңғарғаным, Сәбекеңнің Үсенге
берген батасы Әлшекей мұрасының зерттеуге ашылған ақ жол сияқты. Осы кездесуден көп ұзамай-ақ күйші мұрасын жинақтау, насихаттау жұмысы басталып жүре берді. Оның басы-қасында Ү.Әбшенов, М.Көкенов, Е.Қоңқабаев, Ә.Әбдіхалықов, Б.Айсынов, Т.Дүйсебеков сияқты өнерпаздар болды. Олардың көпшілігі бұл күнде арамызда жоқ.
Журналистік еңбек жолында Ү.Әбшенов кез-келген тақырыпты үңіле зерттеп, байыпты ой қорытатын қарымды қаламгер ретінде танылды. Сексенінші жылдардың ортасында басталған қайта құру, жариялылық жағдайы булығып жүрген Үсекеңнің де қаламды көсілте сілтеуіне жағдай туғызғандай еді. Осы кезде көптеген өткір де өзекті тақырыптармен қатар Сыр бойындағы күй өнерінің әргі-бергі жайынан сөз қозғайтын «Кертолғау, қандай, күйдесің?» атты желілі мақалалары жарық көрді. Бұл Үсекең шығармашылығындағы жаңадан арна тартқан тың тақырып еді.
«Жақсыдан шарапат» деген, Сәбекеңнің аманат тілегі журналист Үсенді өнертанушы Үсенге, одан күйші Үсенге айналдырғанын аңғарамыз. Сәбекең туралы естелік айтқан Үсен жайлы мен де естелік айтатын жағдайға келіп қаппын.
1989 жылдың шілдесі еді. Өзбекстаннан әлде қалай фольклорлық экспедиция ауданымызға келе қалды. Мақсаттары қазақтың ескі музыкалық мұрасының үлгілерін жинау. Ауданның маңдайына басқан жалғыз қонақ үйіне жер-жерден өнерпаздарды жинадық. Талғампаз ғалымдар бәрінен де бұрын Үсен ағаның өнері туралы салиқалы әңгімелері мен күйшілігіне ден қойды.
«Намаздың қазасынан сұхбаттың қазасы ауыр» дейтіндей әдемі әңгіме өрбіді. Сол сәт Үсен аға мүлдем жаңа қырынан көрінген екен. Екі беті ерекше нұрланып, күй өнері туралы ағытылған түйдек-түйдек ойлар ауыздан шыға сырлы сазға айналып бара жатқандай. Әлшекейдің күйлерін түгесіп, жаңа сарынға ауысты.
– Аға, бұл кімнің күйі? – десем
– Үсеннің күйі «Сағыныш» – дер еді. Әрі қарай «Ақсүмбе – арман» жалғасады.
Сол күні Үсен аға өзінің жеті күйін орындаған еді. Өз күйлерін әредік орындап, көп көзінен қымтанып жүрген өнерпаздың бұл әрекетін үлкен істің әлқиссасына балап, шығармашылық жоспар құра бастадық.
Үсекеңнің күйлері көзі жаңа ашылған бұлақ емес, кемеріне келген кемел дүниелер екенін таныдық.
Әлшекей мұрасын жинастырып жүрген маған Үсен ағаның күйшілігін тануым үлкен олжаға кенелткендей болды. Күйші мұрасының жанашыры болған Үсекеңді Әлшекей мектебінің дәстүрін жалғастыратын күшілердің қатарынан көру әрине, мен үшін аз олжа емес еді.
Сол бір жұлдызды сәт Үсен ағаның бой жасағаны ма екен, екі аптадан соң жүрек дертінен қайтыс болды. Соңында баспа бетін көрмеген шығармалары, үнтаспаға түсіп үлгермеген оншақты күйі қалды. Оның шығармашылығының соңғы нүктесі қойылмады, күйлерінің соңғы нотасы ойналмады. Көп нүкте мен үнсіздікке ұласқан шығармашылық мұра жарыққа шығар сәтін күтіп, қимас ағаның жары Бақыт Зайырқызының қолында қалды.
Үсен ағамның асыл жары, ұл-қыздарының аяулы анасы Бақыт Зайырқызы Үсен ағаның соңында қалған мол мұрасының бір парасын «Мирас» деген атпен жарыққа шығарғанына да біршама жыл өтті. Ақынжанды жеңгеміз осы өзі құрастырған кітапқа мынадай қолтаңба жазып берген еді:
«Қадірлі інім Хазретәлі Маханұлына!
Қанатын еркін қаға алмай,
Алысқа самғап ұша алмай,
Көкірек толы жырларын
Көсілтіп бір жаза алмай,
Жүрек тербер күйлерін,
Күмбірлетіп тарта алмай,
Ұл-қызының өсіп-өнгенін,
Армандап кеткен көре алмай.
Пәни жалған дүниеден,
Ағып өткен ағаңды
Есіңе алып жүргейсің!
Өшпейтұғын мәңгілік
Ізі қалды дегейсің!
Ұрпағының артында
Бар екенін білгейсің!
Бақтыгүл Зайырқызы. 01.10.2005 жыл»
Биыл Жаңақорған ауданы құрылуының 90 жылдығы кеңінен атап өтілуде. 90 жылдық тарих бүгінгі ұрпақтың аға буынының көз алдында өтті ғой. Осы тарихи қысқа мерзімде не бір тағдыршешті оқиғалар өтті. Әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірде үлкен жетістіктерге жеттік. Елдің ырысы артты, берекесі тасыды, өнері мен мәдениеті гүлденді. Осының бәрін атқарған туған жердің атпал азаматтары. Оларды естен шығармауымыз керек-ақ. Өзі өлсе де соңына туған жердің туын биікке желбіреткен өлмейтұғын өнеге қалдырған азаматтардың бірі Үсен Әбшенов деп білеміз.

Хазретәлі ТҰРСҰН,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
30 қазан 2018 ж. 878 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области