ҚЫРАНДАР ХАЛЫҚ ЖҮРЕГІНДЕ ҚОНАҚТАЙДЫ
Қамшының сабындай мына келте ғұмырдың әрбір сәтін мақсатына жетуге, туған халқының бақытына арнаған, қоғамға адал қызмет ете жүріп, айналасына шапағатын тигізетін қасиеті мол адамдар жетерлік. Әрине, олар жөнінде көзі тірісінде, тіпті о дүниелік болып кеткенінде де жақсы сөздер айтылып жатады. Міне, сондай атпал азаматтардың бірі – талай дарын иелері өсіп-өнген қасиетті Қармақшы өңірінің тумасы Әбдуәли Спанов.
«Тегі жақсының өзі де жақсы» дегендей, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында, яғни қазақ даласында кеңестік өкіметтің саясатымен елді жаппай ұжымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде өмір есігін ашқан Әбдуәли Спановтың жастық шағы ашаршылық, голощекиндік қуғын-сүргін және Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс өтті.
Расында да, сол жылдардағы ұрпақтың өмірі өзгеше болды. Олар қазақ ұлтының басынан өткен зұлматты көріп өсті. Туған елін жаудан қорғауға аттанған әке-ағаларын сағынып, олардың ерліктеріне қанығып өсті.
Міне, туған әкесі өмірден ерте өтіп, жалғыз ағасын майданға аттандырған Әбдуәли де замандастары сияқты майданда от кешіп жүрген ер-азаматтардың орнын басып, «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» ұранымен жеңісті жақындатуға үлес қосты. Еңбек ете жүріп, мектепте білім алды.
Ауылдағы «Бестам» мектебінің бастауыш сыныбын, ал кейіннен аудан орталығындағы №26 орта мектепті Далабай Ешпанов және басқа да есімі елге танылған тұлғалармен бірге тәмамдаған ол Қызылорда қаласындағы жұмысшы-жастар мектебінде білімін жалғастырады. Содан кейін біршама уақыт ауылда есепшілік қызмет атқарған жас маман білімін жетілдіруге Петропавл қаласына жол тартады. Бұл 1947 жылдың күзі болатын.
Бір ауыз орысша білмейтін Әбдуәли Петропавл қаласына келген соң Лев Толстойдың «Анна Каренина» романын оқу арқылы орыс тілін меңгереді. Екі жыл аталған арнаулы оқу орнында білікті мамандардан тәлім алған ізденімпаз жас білімін одан әрі жетілдіруге Мәскеу қаласындағы Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы университетіне оқуға аттанады. Білімге құштар шәкірттің мақсатын құптаған ұстаздары өз кезегінде оған батасын беріп шығарып салады.
Есімдері елге танылған ғалымдар мен ұстаздардан тәлім алып, өзінің ізденімпаздығымен ерекшеленген Әбдуәли Спанов аспирантураға қалдырылып, көп ұзамай экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап шығады.
1954 жылы Қазақстанның солтүстігіндегі тың игеру науқаны басталды. Оған одақтас он бес республикадан жұмылдырған болатын. Міне, осындай іске атсалысуда академияны бітіре сала Әбдуәли де сол жылдары өзімен бірге Мәскеуде білім алған, кейіннен есімдері елге танылған қоғам қайраткерлері Е.Әуелбеков, А.Жасаңбаев, А.Әміров сынды қазақ жастарымен бірге жолдама арқылы Көкше өңіріне аттанады.
Ол алғашқы еңбек жолын колхозда агроном болып бастаса, кейіннен шаруашылықтың бас агрономы қызметіне жоғарылатылып, өңірде ауыл шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосады.
Білгір маман қай кезде де сұранысқа ие болатыны рас. Өзінің іскерлігімен, талапшылдығымен, еңбекқорлығымен аймақ жұртшылығына танылған жас маман уақыт өте аудан, облыс басшыларының назарына ілініп, көп ұзамай Көкшетау облыстық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшілігіне тағайындалса, бір жыл өткенде сол аймақтың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары, кейіннен Шортанды аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Володарск ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, ал 1970 жылға дейін облыстық атқару кеңесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып абыройлы қызмет етті.
«Әлем әміршісі – еңбек» деп дана халқымыз айтқандай, Сырда туғанмен, бар саналы өмірін Сарыарқа өңірінде өткізген атпал азамат Әбдуәли Спановтың Көкше халқының тұрмыс-тіршілігінің артуына қосқан үлесі орасан десек, артық емес. Оның сол өңірдің әлеуетін көтеруде, нақтырақ айтқанда, ауыл шаруашылығында – бидай, картоп, көкөніс егуді жолға қойып, мал шаруашылығын өркендетудегі еткен еңбегі өзімен бірге қызмет еткен жандардың есінде.
Иә, кешегі қарт Қуаңның бойында туып-өсіп, өсе келе күллі қазақ халқына танымал болған Әбдуәли Спанов 1970 жылы ҚазССР Орталық партия комитетінің шешімімен Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары лауазымына жоғарылатылды.
Осы ретте, айта кету керек, 1973 жылы жоғары партия басшылығының ұйғарымымен Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне тағайындалған ауыл шаруашылығы саласының білгірі Әбдуәли Спановты Арқа жұртшылығы құшақ жая қабылдады. Сондай-ақ, сол жылдары жерлесіміз Арқа өңірінде еңбек өнімділігінің артуына, кеншілер мен металлургтердің, қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға үлкен үлес қосқанын көнекөз қариялар жыр етіп айтады. Ол тіпті Арқа тұрғындарына картоп, көкөніс өнімдерін өндірудің, мал шаруашылығын дамытып, жем-шөп дайындаудың тиімді тәсілін үйретті. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануда еңбек және демалыс лагерін ұйымдастырып, осы істі өзге өңірлерге үлгі етті.
«Еңбек ет те, өрге бас» деген. Мемлекет және қоғам қайраткері Әбдуәли Спанов зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін елге қалтқысыз еңбек атқарса, зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өткізу кооперативін құрды.
Бірнеше рет аудандық, облыстық, өлкелік, тіпті 1971, 1975 жылдар аралығында шақырылған сегізінші және тоғызыншы ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ел алдындағы елеулі еңбегі үшін де үш рет «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендері мен «Үздік еңбегі үшін» және «Тың және тыңайған жерді игергені үшін» медальдарының иегері атанды. Тың игерушілердің республикалық съезіне қатысты. Сонымен қатар, Үкімет жанындағы ауыл шаруашылығы бойынша комиссияның тұрақты мүшесі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ардагерлер кеңесінің төрағасы болды.
Қазақ халқында «Туған жердің түтіні де қымбат» деген ұғым бар. Расында да, азамат елден жырақ жерде жүрсе де, ешқашан өзі туып-өскен атамекенін ұмытқан емес. Міне, бар саналы өмірін Арқада өткізген Әбекең қай кезде де жерлестеріне қол ұшын беруден танған емес. Оған дәлел, ауылы Ақжарда өзі білім нәрімен сусындаған «Бестам» мектебі жарамсыз болып қалған кезде жаңа мектептің салынуына себепші болды. Оның сапалы әрі тез бітуіне атсалысты. Сондай-ақ, Көкше өңірінде қызмет істеп жүргенде сол қалада ем алып жатқан тұрмағамбеттік Шераз есімді азамат кенеттен қайтыс болады. Елден денесін алып қайтуға барған Әнтай мен Жалғасбай есімді ел ағалары Әбдуәли Спановпен жолығысып, көмек сұрай барғанда, ол тез арада арнайы самолет ұйымдастырып, мәйітті ауылға жеткізуге көмек береді.
Иә, қашанда пенде атаулының бәрі – уақыттың құлы. Ал, уақыт – мәңгілік, шексіз. Осы мәңгілікке қарай сырғыған құмсағат адамдардың тынымсыз әрекеті арқылы дүниеге күн сайын өзгеріс әкелетінін бәріміз білеміз. Өмір – уақыттың бір бөлшегі – фәниден бақиға дейінгі аралықтағы өткел. Ал, осы өткелден кім қалай өтеді. Ол әр адамның өмір сүру қабілетіне, елі үшін еткен еңбегіне байланысты.
Өлді ме адам?
Өлген жоқ.
Келіп кетті!
Топыраққа мәңгілік еніп кетті.
Өлді ме адам?
Жоқ, ол тек тоқырады.
Өткен жолы өрнек боп тоқылады.
Бірге бізбен!
Бірақ та бөліп тұрған,
Туған жердің киелі топырағы, – деп қармақшылық ақын, марқұм Қали Шыңғысов жырлағандай, туған халқының жарқын болашағы үшін еңбек етіп, өмір өткелінен абыроймен бақилыққа аттанған ел ардақтысы Әбдуәли Спанов осындай адам еді.
Н.ЖАНӘДІЛОВ