Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ТЕКТІЛЕР ЖАЛҒАСЫ ТЕБЕГЕН

ТЕКТІЛЕР ЖАЛҒАСЫ ТЕБЕГЕН


Елбасының сарабдал саясаты аясында тәуелсіз еліміздің өсіп- өркендеуі, сонымен қатар өскелең ұрпақ арасында ұлттық салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттау мақсатында жыл сайын түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Сондай игі істердің бірі де бірегейі мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген ұлт құндылығын қастерлеп, ел жадынан ұмыт болып бара жатқан ұлт ардақтыларының өнегелі өмір жолдары мен халқымыздың салт-дәстүрін, атакәсібін қайта жаңғыртуда ел-жұртының болашағы үшін тер төге еңбек етіп, өмірден өткен жандарды халық жадында сақтау.
Міне, ел-жұртының болашағы үшін еңбек еткен атпал азаматтардың бірі киелі Қармақшы өңірі халқына танымал болған ел қадірлісі Тебеген Қожаназарұлы.
ХІХ ғасыр аяқталар шақта киелі Ақжар өңірінде дүние есігін ашқан Тебеген Қожаназарұлының жастық шағы қазақ елінің Ресей патшалығының бодандығында болған кезбен тұспа-тұс өтті.
Десе де, баласының жастайынан білімге деген құштарлығын құптаған Қожаназар ақсақал Тебегенді алғашында ауыл молдасына беріп, діни білімге баулыса, кейін келе өзі сияқты орысша біліп, қоғамда болып жатқан өзгерістерге жақын жүрсін деп баласының заман талабына сай білім алуына жағдай жасау мақсатында Қармақшыдағы орыс-түземдік мектебіне береді.
Әке арманын орындау – бала үшін қашанда міндет.
Міне осы ретте, жас білімпаз Тебеген 19 жасында аталмыш мектепті үздік тәмамдап шыққан соң Қуаңдария болысында тілмаш, аудармашы, іс жүргізуші сияқты қызметтерімен ел өміріне белсене араласып, өңір жастарының заман ағымына сай өмір сүріп, білім алуына аянбай еңбек етеді.
Сыр өңірі ахундарының ұстазы атанған Ораз ахунды пір тұтқан Алдашбай, Әлібай сынды діндарлармен ол тығыз байланыста болып, өзі өскен өлкеде Ислам дінінің кеңінен қанат жаюына еңбек сіңіреді. Тіпті, осы өңірде дін мәселесі төңірегінде өткен мәслихаттарға белсене араласып, оны жүзеге асыруға жұмыс істейді.
«...Тебеген, Сәден менен Саха, Оспан,
Ел жүгін сүйреп өтті әуел бастан...» деп жыр жампозы Егізбай Мәкібаев жырлағандай, елімізде Кеңестік заман орнағаннан кейін Тебеген Қожаназарұлы туған халқының жаңа заман талабына сай өмір сүріп, өніп-өсуіне бар саналы өмірін арнап, еңбек етеді. 1935-1938 жылдары Қармақшы ауданы, Қуаңдария болыстық атқару комитетіне қарасты №6 ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызмет істеген кезінде аудандағы отырықшылықты, егін егу мен мал өсіруді дамытуға, ұжымдық еңбек етудегі жаңа дәстүрдің қалыптасуын ұйымдастыруға елеулі ықпал жасайды.
Сондай-ақ, ол өңірде өткізілген басқа да қоғамдық жұмыстардың басықасында жүріп, Қармақшы аудандық ревкомның мүшесі, Қармақшы болыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып, ел тұрмысының өркендеуіне тер төге еңбек сіңіргенін көнекөз қариялар айтып отыратын-ды.
Тебеген Қожаназарұлы қазақ халқының болашағы үшін тынбай еңбек еткен Сыр бойы халқының жанашыры, арда азаматтарының бірі болды.
Бала жасынан Сыр сүлейлерінің жауһар жырларымен сусындап, ар мен абыройды өзінен биік қойған текті азамат туған елінде жыраулық өнерімен ел алғысына бөленген жыр жампоздарына әрдайым қолдау көрсетіп отырған. Қазақтың қасиетті қара домбырасымен ел-жұртының қамы мен мұңын жырлары арқылы билікке жеткізген жыр дүлдүлдері Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, даңғайыр ақын Тұрмағамбет, жастайынан халқы «Бала жырау» деп айдарлап ат қойған Тұрымбет жыраумен жақын қатынаста болып, ел бірлігі жолында еңбек етеді. Тіпті, көнекөз қариялардың айтуынша отызыншы жылдың ортасында ҚазКСР-дың Халық ағарту наркомы Темірбек Жүргеновтың қолдауымен Тебеген Қожаназар баласы «Шығыс Иллиадасы» атанған Фердаусидің «Шаһнамасын» он бір айда қазақ тіліне аударып, ұлт ұрпағына құнды мұра қалдырған Тұрмағамбет Ізтілеуовтың Алматы қаласына барып, жұмыс істеуіне көмектеседі. Кейіннен оның осы ісіне риза болған қазақ халқының Темірбек Жүргенов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, тағы басқа да зиялы қауымы алғыстарын айтқан екен деседі. Мен бұл сөзді үлкендерден естіген едім.
«Өмір – ол бір күрес» деп дана халқымыз айтқандай, өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап, елуінші жылдардың басына дейін Кеңестік Үкіметтің солақай саясатының арқасында қазақ халқының талай арда азаматтары халық жауы атанғаны белгілі. «Арым мен өмірім халқым үшін садақа» деп бар өмірін туған елінің болашағы үшін Кеңестік Үкіметтің содырларымен күресіп өткен Алаш арыстары Ахмет, Мыржақып, Сәкен мен Ілияс және басқа да көптеген атпал азаматтарымыз ұлт көсемі Сталиннің солақай саясатының құрбаны болғаны баршаға аян. Біздің өлкеде де сол саясатты қолдап, елге қызмет етіп жүрген азаматтарға жазықсыз жала жауып, түрмеге қамауға жұмыс істегендер де кездесті.
Қазақстанның сол кездегі басшысы Голощекиннің қазақ халқына жүргізген «Кіші Қазан» шарасының құрбаны болған Тебеген Қожаназар баласы бір мың тоғыз жүз отыз сегізінші жылы жалған жаламен сотты болып, Ресейдің Новосибирск өлкесіндегі халық жауларына арналған түрмеге айдалып кете барады.
Сол жылдарда елдің бірлігі мен болашағы үшін аянбай еңбек еткен Мәдір Дайрабаев, Тілеу Жұбаев, Әбзәли Егізбаев, Өмірбай Қаражанов, Қожамжар Жүсіпов және басқа да, барлығы 15 азаматпен бірге жалған жаланың құрбаны болып, итжеккенге айдалады.
Дегенмен, «Жақсыға жала жұқпайды» дегендей, Ұлы Отан соғысы басталардан бір жыл бұрын, яғни 1940 жылдың желтоқсанында ҚазКСР-дың Жоғарғы сотының шешімімен ол толық ақталады. Өкініштісі осындай қуанышты хабарды естіп, туған елге қайтуға дайындалып жүргенде Тебеген әкеміз сол жақта белгісіз жағдайда, небәрі 49 жасында қайтыс болады.
«Ер есімі – ел есінде» дегендей, Тебеген Қожаназаровтың өнегелі өмір жолы жайлы марқұм, белгілі қаламгер Мырқы Исаев, ақын, журналист Сақтаған Есмаханов, сонымен бірге еңбек ардагері Жаңаберген Сәденов те әр жылдары мақала жазса, филология ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ұрпағы Темірхан Тебегенов «Сырдария кітапханасы» сериясымен шыққан «Толғаныс теңізінің толқындары» кітабында эссе-очерк, тарихи дерек жазды.
Міне, ел үшін, туған жер үшін саналы өмірін сарп етіп, өмірден өткен Тебеген Қожаназарұлының туғанына биыл 118 жыл толып отыр. Осыған орай, елі үшін, туған жері үшін еңбек етіп, жазықсыз жапа шеккен ердің есімін ел жадында мәңгі сақтау мақсатында Жосалы кентінен бір көше берілсе бүгінгі ұрпақтарының өнегелі ісі болар еді.

Нұртілеу САЛЫҚОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
25 қазан 2018 ж. 671 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области