ТУҒАН ӨЛКЕГЕ СЫЙЫ КӨП
Адамның Отанға деген сүйіспеншілігі ең алдымен оның туған жеріне деген махаббатынан басталары сөзсіз. Еліне, жеріне деген махаббатпен игі іс жасап, өлкесінің дамуына толайым істер атқарып жүргендер аз емес. Олардың елдің көркеюі үшін жасаған әрбір ісін өзгелерге үлгі етіп көрсеткен жөн. Өңірдің өсіп-өркендеуіне қолдау көрсеткен атымтай жомарт жандарды ел білуі қажет.
Қоғамның дамуына қосқан үлестерін кейінгі жастарға үлгі-өнеге етіп көрсетуді мақсат тұтқан «Жомарт жүрек» байқауы дәл осыны көздейді. Қазіргі уақытқа дейін аталған байқаудың аудандар бойынша кезеңі аяқталып, онда түрлі номинациялар бойынша марапатталғандардың есімі елге таныстырылған болатын. Солардың арасында Сырдария ауданы, Асқар Тоқмағанбетов ауылдық округінен Меңдіғали Есжанов «Туған өлке» номинациясына ие болған болатын.
Меңдіғали Есжанов бүгінде «А.Тоқмағанбетов ЛТД» ЖШС директоры қызметін атқарады. Серіктестік директорлығына дейін бірнеше қызмет сатысынан өткен Меңдіғали Есжанов ҚР Ауыл шараушылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен және өткен жылы Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
Ол 2016 жылы ауыл мешіті мен шаруашылық кеңсесінің күрделі жөндеуден және ауыл емханасының ағымдағы жөндеуден өтуіне қаржылай қолдау көрсеткен. Сонымен қатар білім күні қарсаңында мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушыларға сый-сияпат жасап, мектеп жасындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға сыйлық үлестірген. Сондай-ақ айтулы мерекелер кезінде ауыл зейнеткерлері мен көпбалалы отбасыларға азық-түлік пен қаржылай көмек көрсеткен. Жалпы, Меңдіғали Есжанов аудан көлемінде ұйымдастырылатын қайырымдылық акцияларына алғашқылардың бірі болып қолдау білдіріп келеді. Жаны жабырқаған жанның көңіліне медеу бола білген ол көмек сұрай келгендерге қол ұшын беруге әркез дайын. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы ұстанған жомарт жүрек азамат аудан өнерпаздарына да көмегін аяған емес. Ол ауданның мәртебесін көтеруге атсалысып келе жатқан «Айтұмар» бишілер тобы мен ауыл әншілерінің өнері өрге жүзуіне көмек көрсетуде. Кәсіпкер аудан спортшыларына да қолдан келген көмегін аяған емес. Сонымен қатар мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орындарының білім грантын жеңіп алған 11 түлекке соңғы үлгідегі ұялы телефондарды сыйға тартқан.
Меңдіғали Есжановтың қолдауымен қазіргі күні ауылда шаштараз жұмыс жасауда. Енді ауылда монша ашу жұмысы қолға алынған. Туған жердің абаттануына сүбелі үлес қосып келе жатқан кәсіпкердің қайырымды істері бұдан әрі де жалғасын таба беретініне сеніміміз мол.