Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЖЫРДЫҢ ЖҮЙРІГІ ТАУБАЙДЫҢ ЖҮСІБІ

ЖЫРДЫҢ ЖҮЙРІГІ ТАУБАЙДЫҢ ЖҮСІБІ


Ел ішінде күні бүгінге дейін Жүсіп ақынды (үш Жүсіптің бірі әрі ең кішісі) Таубайдың Жүсібі деп атаған. Өйткені, ХХ ғасырдың басында Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіптер болған. Қожагелді Жүсіпті әкесі Таубайдың атына қосып айтатын болған.
Таубайдың Жүсібі – Сыр сүлейлерінің қатарындағы ірі тұлға. Араб, шағатай тілдерін жақсы білген. 1893 жылдан бастап Сыр еліндегі ірі ғалымдардың бірі Дәулетназар ахунның мешітінде ахунның өзінен дәріс алады. кейіннен Орта Азиядағы медреселердің бірінде білімін толықтырып, онда 1911 жылға дейін оқыған. Медресе қабырғасында оқи жүріп, кітапханалардың Шығыс шайырларының хисса, дастандарымен танысады. Сол ізбен өзі де түрлі дастандар жазады. 1940 жылы Таубайдың Жүсібінің жақын інісі Жөнейіт Жансейітовтың аузынан оның көптеген шығармаларын жазып алған Қармақшының №8 ауылындағы «Бержікей» мектебінің мұғалімі Нариман Майханов. Ол бұл туындыларды осы жылы Академияның орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорына тапсырған. Н.Майхановтың қосымша жазбаларын Таубайұлы Жүсіп ақынның өмір жолдарын тереңірек біле аламыз.
Таубайдың Жүсібінің туған және қайтыс болған жылдары зерттеушілер жазбаларында түрліше жазылып тұр. Ұзақ жыл бойы Сыр сүлейлерінің шығармашылығын зерттеген, көрнекті фольклорист, ғалым Мардан Байділдаевтың жазбаларында Таубайдың Жүсібін 1882 жылы туған, 1916 жылы өмірден озған делінеді. Ал Жөнейіт Жансейітов жазбасында ақынның 1886 жылы туып, 1914 жылдың 14 ақпанында туған жерінде қайтыс болғанын жазады. Мұны кейінгі ауыз әдеби мұраларды жинаушы Нариман Майханов та қостай жазыпты. Бұлардан басқа Таубайдың Жүсібі мұраларын зерделеген Үбіжар Толыбеков (1940), Абыт Нүркенов (1973) әдебиет институтының қорына өткізген. Ақынның «Жөнейітке» атты (1913) арнау өлеңінде мынандай жыр жолдары бар.
«...Жеңер деп кесел асылы,
Ақыл-ой миды шанып тұр.
Жеткізбей отыз жасқа да,
Аяқтан, тағдыр шалып тұр» – деп ақын өз өмірінен, хал жағдайынан хабар береді. Демек, Жүсіп ақын 27-28 жас шамасында қазіргі «Ақжар» ауылының жерінде қайтыс болған дей аламыз.
Сонымен түрлі дерек көздерін саралай келе, Таубайдың Жүсібінің 1886 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының №8 ауылында, Жаңабөгет колхозында (Қурайлы бойындағы «Қазанкөлде») туып, осында жерленгенін айтуға болады.
Жүсіп өзінен бұрынғы өткен жыраулардың жырыменен сусындай жүріп, 1900-1901 жылдары өзі де өлең шығара бастайды. 14 жасынан бастап өлең жазумен айналысады. Оның «Жөнейітке», «Ибіні Таубай», «Балалар үгіт кітап қолдансаң», «Сахибы сағадаттың біздің Адас», «Естімекке қылмай опа дүние пәни», «Шахнаманы» бастауы, «Аналқақ, міналқақ» сияқты өлеңдермен қатар Шығыс шығармалары ізімен «Әбу Әли ибн Сина», «Бес бәйіт», «Сұрмерген», «Сиярғани», «Алдаркөсе», «Мыстан кемпір» атты дастандар жазған. Сондай-ақ, «Шахнаманың» кейбір тарауларын («Іскендірнама») аударады. Соның бір толымдысы «Іскендірнама» дастанын ақын былайша бастапты:
«Үшбу сөз молда Жүсіптен қалынмышты,
Түсінер сөз парқыны ақылы хош-ты.
Іскендір Зұлқарнайын, Шах Сүлеймен,
Хикая «Шахнамадан» жазылмыш-ты.
Бұлардың оқиғасын жазып хатқа,
Ұшырған көңіл бақтан ақыл құсты.
Аңғарып сөз баһамын оқығандар,
Айтар сөз яки мыс деп, иә күмісті».
Ал «Сиярғани» дастанының басында:
«...Меккелік асылы араб бір саудагер.
Деп айтады оның атын Сиярғани.
Кәсібін жүрген-тұрған хикая етіп,
Жайынан енді оның сөз қозғайын», –десе, үзіндісі ғана бүгінге жеткен «Замана жайлы» туралы дастанында Сыр елінде діни сауаттылыққа жол ашып мешіт салып, бала оқытқан ірі оқымысты Ораз ахун жайлы да сөз тербепті.
«...– Бұхарадан келіп бізге тағылым берген,
Әуелі Ораз ахун дін ашпақтың.
Алымнан тағлып алып көп шәкірттер,
Жарыққа шығып зұлмат жұрт нақақтың.
Медресе, мешіт салып әр жерлерден,
Жай етті оны жұрттар сақауаттың.»
Таубайдың Жүсібінің өлең жолдары негізінен діни сөздерге құралған. Өлең жолдарында араб, шағатай сөздері кездеседі. Ақын шағын өлеңдер, ұзақ дастандар жазумен қатар бірнеше ақындармен айтысқан. Шораяқтың Омарының Әбішке жазған хатына жауапты Таубайдың Жүсібі жазады.
«...Ұялмай, ұйқас сөзге мәз болатын,
Өтпеген бала емессің балағаттан.
Бейәдеп білімсізден шыққандай-ақ,
Көңіліңе келген ашу кесапаттан...»
«Таубайдың Жүсібі» деп қолын қояды, Омарға жазып қиял парасаттан, – дей келе тағы бір жауабында:
«Сөз жаздым «Омар шайыр кен» дегенге, «Көреді өлең – жырды – шен дегенің» деп терең теңеулермен жауап қатқан.
Таубайдың Жүсібі Омар Шораяқовтан басқа Ыбыраш Ержанұлы және Омекеңмен жұмбақ түрінде айтысқан. Атақты ақын Тұрмағамбет Шораяқтың Омары мен Таубайдың Жүсібіне аралық (тоқтау) сөз айтады. Айтыс 1913 жылы өткен.
Таудай талантты ақын өмірден ерте кетіп, оның шығармашылығы жан-жақты зерттеле қоймаған. Ол хақында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған «Айтыс» (1965) кітабының екінші то- мында Жүсіп ақынның айтыстары беріліп, түсінік қана жазылған. Сондай- ақ, «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» атты кітаптың (1986) 5 томында сипаттама беріліпті. «Сыр елінің өнер өрендері» атты жинақта шағын мәліметтер келтірілген.
Жұртшылыққа кезінде кеңінен танымал болған жыр сүлейін ақын інісі Қуаныш Баймағамбетов былайша жырға қосқан:
«...Таубайдың Жүсібі өтті төмендегі,
Ерімбет Қарасақал Шөмендегі.
Сарыбай, Әзілкешпен һәм Құлназар,
Шегебай, Бәйім, Сайын өрендерді», – деп көптеген ақындарды мадақтаған, соның бірі Таубайдың Жүсібі.
Бірде Қожагелді Жүсіп, енді бірде Таубайдың Жүсібі аталған ақынның әлі де болса ел аузында айтылып жүрген шығармалары бар болуы мүмкін. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, көзіқарақты кісілердің үйлерінде сақталып, болмаса жатқа білетін кісілерді іздеп тауып, ақын мұраларын зерделеу, оқырманға кеңінен таныстыру үлкен дүние болмақшы.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ.
06 қараша 2018 ж. 702 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области