Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » БІЛІМНЕН ШЫРАҚ ЖАҚҚАН ШАЙЫР

БІЛІМНЕН ШЫРАҚ ЖАҚҚАН ШАЙЫР


       Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ақын-жазушыларымыздың шығармаларымен, халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен тіліміз, музыкамыз бен жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» - деген болатын.
       Ұлттық жаңғыру, рухани жаңғыру дегеннің өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Біріншіден ұлттық сана - сезімнің көкжиегін кеңейту болса, екіншіден ұлттық болмыстың өзегін сақтау.
       Қойнауы қазынаға толы Сыр өңірі – руханият көшіне талай тау тұлғаны қосқан қасиетті мекен. Айдынды Арал мен қарт Қаратаудың арасында қаншама ақын мен жыршы, өнер тұнған жандар өмір сүрген.
       Солардың бірі де бірегейі – шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуов. Ол қазақ әдебиетінде шығыс фольклорына, классикалық әдебиет үлгілеріне соны серпін әкеліп, дамытқан ерекше қабілетті тұлға. Сондай-ақ, жыр-дастандарды жазып қалдырып, мысал жанрының дамуына мол үлес қосқан ақындардың бірі.
       Қазіргі таңда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында ғылыми жинақтау, зерттеу нәтижелерінде жинақталған 100-ге жуық үнтаспа, құжаттар, архив материалдары мен қолжазбалар сақталған. Соның ішінде Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Шаһнама» дастанының қолжазба нұсқасы да бар.
       Оны ақын, әнші, композитор, күйші, фольклорлық мұраны жинаушы Мұзарап Жүсіпов жинақтаған. Қолжазба музей қорын толықтыру және зерттеу жұмыстары нәтижесінде 1965 жылы сол кездегі музей директоры Ж.Құлымбетовтің кезінде тапсырылған. Бүгінгі таңда қала және қала қонақтары шайырдан қалған жәдігерді көзбен көріп, тамашалай алады.
       Ақынның азан айтып қойған аты Тұрмұхаммед болған деседі. Ол Сыр өңірі, бұрынғы Түркістан өлкесіне қараған Сырдария облысының Қазалы уезінде, қазіргі Қармақшы ауданының «Ақтайлақ кезең» деген жерінде дүниеге келген. Жасынан зерек боп өскен Тұрмағамбет есімі елге танымал Алдашбай ахуннан дәріс  алған. Одан кейін  Тапал, Қалжан ахундарға кездесіп, ілімін толықтырады. Тұрмағамбеттің тегін бала емес екенін Қалжан ахун да байқаған.
       Ол білімін кеңейту мақсатында 1896 жылы 13 жасында Орта Азияның Бұқара қаласындағы «Мир-Араб» медресесіне оқуға барады. Одан соң «Көкелташ» медресесінде 6 жыл оқиды. Онда жазушы, көрнекті ғалым Садриддин Айнимен танысып, сыйластықтары үлкен достыққа айналады. Медресені бітіргеннен кейін ауылға оралған ақын Тұрмағамбет ауыл балаларына дәріс беріп, сауаттандырады.
       Тұрмағамбет Ізтілеуов ақындықпен қатар аудармашылықта да асқан шебер болған. Парсы әдебиетінің классигі Фирдоусидің мыңжылдық мерейтойы дүние жүзінде тойланып, «Шаһнама» әлем халықтарының тілдеріне аударыла бастайды. Осыған орай әйгілі шығарманы қазақ тілінде сөйлету мәселесі туындайды. Ол үшін шығыс тілдеріне жетік маман қажет.
       Сол кезде Қазақ ССР Халық ағарту  комиссариятының басшылығында жүрген Т.Жүргенов Сыр бойынан Т.Ізтілеуұлын Алматыға арнайылап шақыртады. Сөйтіп, Казрайкомның секретары Л.И.Мирзоянның келісімін алған соң Т.Ізтілеуұлына арнайы штат белгілеп, ұстазын өз қарамағына – ағарту саласына қызметке орналастырады. Шығыс тақырыбына батыл барып, байсалды еңбек жасаған ол «Шахнаманың» 40 мың жолдық аудармасын жазып шығады. Осылайша, қазақ әдебиетінің қазынасын молайтты.
       Оның тұңғыш өлеңдері мен «Қара қоңыз», «Мәрді диқан» атты алғашқы дастаны 1900 жылы жарық көрді. Ақын шығармаларын оқығанда ерекше күйге бөленіп, айрықша әсер аласың. Себебі, ол қазақтың өнер мектебі мен шығыстық дәстүрді бойына жиған бірегей ақын.
       Даңғайыр шайыр поэзияның барлық саласында қалам тартып, көркем, құнды өлеңдер жазған. Соған орай, Тұрмағамбет ақын шығармаларын адамгершілікті, мейірімділікті, әдептілікті, бірлік-татулықты, өнер-білімді насихаттаған терме-толғаулар, тақпақтар, нақылдар, өмір болмысын, сол кездегі қазақ ауылының кейпін, жер-су, ата-мекенін бейнелеу, оларды қанаушылардан көрген қорлықтарын жырлау еді.
       Тұрмағамбет білімдарлығы мен ойға жүйріктігінің арқасында талай түйінді жерлерде түйрей сөйлеген шешен де бола білген. Оның дауға нүкте қоя білер ақылмандығын Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіп арасындағы айтысқа тоқтау қойғандығынан анық аңғаруға болады. Қос ақын екі мың жолдан асатын жазба айтыс жүргізеді. Жеті жылға жуық уақыт сөз жарыстырған екі дүлдүлге тоқтау салып, татуластырған.
       Сондай-ақ, Шораяқтың Омары мен Таубайдың Жүсібі сөз қағыстырып, аяғы насырға шауып бара жатқанда Тұрмағамбет шайыр:
       Бектерім бір-біріңмен болсаң тату,
       Тарығып, тартпассыңдар тіпті қату.
       Жемейді біріккенді бөрі деген,
       Бұрынғы қариялардан қалған ату, – деп сөз сайысының нүктесін қойған. Аузы дуалы ақындарға сөзін тыңдата біліп, пәтуалы ой айтқан ақынның асқан білімділігі осыдан-ақ көрініп тұр.
       Ақынның бай біліміне замана ағымы кереғар ұшырасып, ақынға өз мақсатына жетуге көп кедергілер келтіреді. Қазан төңкерісінен кейін, ақынға «молда» деген атақ таңылып, ақын өмірінің «тар жол, тайғақ кешуі» басталады. Халық қамқорлығын көксеген ағартушылық идеясы үшін жергілікті жердің бай-феодалдары, ұлтшыл интеллигенттер Тұрмағамбеттің соңына түсіп, талай рет қуғынға ұшыратып, абақтыға жаптырады. Ол әр жылдарда Қармақшы, Қазалы, Шымкент түрмелерінде  отырып, көп қиыншылықтар көргенмен, Алла тағаланың бойына бітірген құдіретті өнері – ақындығын шексіз біліммен ұштастыра отырып, халыққа үгіт-насихат түріндегі өлең-жырларын үздіксіз жазып  отырған.  
       Сыр бойы ақындарына ұстаздық жасап, қисса әдебиетіне жол салған, жазба әдебиетіміздің шығыспен байланысты екінші бір қанатын дамытқан, өлең мен термеге үлкен жаңалық енгізген тұлға – Тұрмағамбет Ізтілеуұлы ақын 1939 жылдың 15 мамыр күні қайтыс болады.
       Оның дәстүрін кезінде көптеген Сыр ақындары үлгі тұтқан. Сол себепті Т.Ізтілеуов өзіндік дәстүр, мектеп тудырған поэзия дүлдүлдерінің бірі ретінде бағаланады.
       Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатынын атаған болатын.
       Кенжегүл ИБРАГИМОВА,
       Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
       Музейінің ғылыми қызметкері
28 мамыр 2018 ж. 835 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области