АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ
Нақты кезеңде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында еліміз бойынша көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Облыс орталығы – Қызылорда қаласына осы тұрғыда атқарылған шаралар туралы Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мира Қазбекова айтып берген еді:
– Елбасының аталған мақаласы оқыған жанның санасын сілкіндіріп, ерекше серпін берген үндеу болды. Онда Елбасы «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп атап өтіп, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысуға міндеттеген болатын.
Саралай айтсам, «Туған жерге тағзым» бағыты бойынша туған өлкеге, елге еңбегі сіңген азаматтардың сала бойынша жеткен жетістіктерін халыққа паш ету мақсатында «Дария жағасындағы қала» атты қаланың өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген құрметті азаматтармен ашық аспан астындағы кездесу өтті.
Шаһардың 200 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған шарада OPEN AIR кеші және «Келбеті көркем, келешегі кемел Қызылорда!» атты мерекелік гала-концерт көпшілік назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, «Рухани келісім» күніне орай мектеп оқушылары мен студенттердің қатысуымен «Алдымен сүй, ардақта ата-анаңды» атты тақырыбында кездесу кеші, «Үздік жүргізуші-2017» атты қалалық жүргізушілер байқауы өткізілді.
Мира Баймаханованың айтуынша, мұнан басқа қаламызда «Q-dance» би студиясы, «Сыр сандуғаштары» балалар вокалды тобы, «Жастар театры», «Библиокеруен», «Менің көшемнің тарихы» және «Сыр сүлейлері» жобалары көрерменге жол тартқан.