МУЗЕЙ –ТАРИХ АЙНАСЫ
Еліміздің тарихы мен мәдениетін, туған өлкеміздің, ата-бабаларымыздың өткенін білу – әрбір азаматтың міндеті. Елбасының өткен жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс деп айтылған болатын.
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастамасымен департаментке қарасты мекемелердің жеке құрам арасындағы жас қызметкерлерді патриоттық және рухани-эстетикалық тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын насихаттау мақсатында облыстық тарихи-өлкетану музейіне экскурсия ұйымдастырды.
Музей қызметкерлері жас мамандарды жылы шыраймен қарсы алып, осындағы өлкеміздің табиғатынан, халқымыздың өнері мен тұрмысынан, өткен тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін 14 залды аралатып, мол мағұлмат берді. Экскурция барысында «Тәуелсіз Қазақстан» залында қызметкерлер еліміздің Әнұранын орындады.
Экспозициялық залдар бойынша музей қорындағы құнды экспонаттармен де жақын танысқан мамандар музей қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.
Жалпы, музей экспонаттары – халық тарихы мен өнерін қамтитын талай замандардың тірі куәсы. Халқымыздың рухани асыл қазынасын жинақтап, өлкеміздің өткені мен бүгінін жалғап отырған рухани орыннан жас қызметкерлер тамаша әсер алып, туған өлке тарихына қатысты білімдерін шыңдап қайтты.
Дана ДОСТАНОВА,
Қызылорда облысы бойынша
ҚАЖ департамені