Еңбегі елге сіңген азамат
Тәуелсіз елдің әрбір аймағында, әрбір өңірінде өзінің сара жолымен елге, халыққа сіңірген еңбегімен өскелең ұрпаққа үлгі болатын тау тұлғалы азаматтарымыз жетерлік. Ал, осындай жандарды Елбасы «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» – деген болатын. Шиелі ауданының «құрметті азаматы», дербес зейнеткер Рахым Мауяев сол азаматтардың бірегейі.
Білім беру саласында қалтқысыз қызмет етіп, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге жұмсаған ұстаздардың ұлағатты ісі әрдайым құрметке лайық. Олар жайлы ұлы Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» – деген екен.
Алғаш еңбек жолын 1961 жылы Ақмола облысының Шортанды ауданындағы орта мектепте мұғалімдіктен бастаған ағамыз, екі жылдан соң туған жерге оралып, өз қызметін жалғастырады. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару кез келгеннің қолынан келе бермес дүние. Әйтсе де, абырой биігінен түспей, адал еңбек еткен Р.Мауяұлы 1963-67 жылдары Шиелі поселкесіндегі Ломоносов атындағы орта мектепте мұғалім, өндірістік оқу ісі жөніндегі мектеп директорының орынбасары, аудандық оқу бөлімінің инспекторы қызметтерін атқарды.
Сенімге селкеу түсірмей, бастаған ісін тайға таңба басқандай, тиянақты істейтін кейіпкеріміз 1967-77 жылдары Шиелі аудандық партия комитеті саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін де өз дәрежесінде атқарып шығады. Нәтижелі істері еленбей қалған жоқ. Тынымсыз еңбек пен ел дамуына қосқан үлесі үшін орталық комитетінің дипломымен және «Лениннің туғанына 100 жыл толуына», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. «Ұстаздық еткен жалықпас» дегендей, 1977-83 жылдары №252 орыс орта мектебіне директор қызметіне ауыстырылады.
Туған жердің әр тасын сүйетін, Шиелі ауданының дамуына аянбай еңбек еткен тұлғалардың қатарынан Р.Мауяевты да байқауға болады. Ол, 1984-85 жылдары Шиелі поселкелік кеңесі атқару комитеті төрағалығына сайланған соң, оң өзгерістер бола бастайды. Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың мемориал кешені соғылып, поселке көріктене түседі. Әр істі дөңгелете жөнелетін Рахым аға 1986-89 жылдары Шиелі аудандық партия комитетінің партиялық бақылау комиссиясының, 1990-91 жылдары аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып, біршама істің басын қайырады. Одан әрі 1992 жылы Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысы ретінде 7 жыл қалтқысыз қызмет атқарады. Сондай-ақ, 1999-2006 жылдары Шиелі аудандық мәслихат аппаратының жетекшісі жұмысын да жүргізеді.
Рухани құндылықтарымызды дәріптеп, жаңғыру, жаһандану жолында сүбелі үлес қосты. Білімді ұстаз, білікті маман одан әрі ел ағасы, ардақты ақсақал, құрметті азамат атануы осы еңбегінің көрінісі деуге болады.