Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » БӘСІБЕК САҒАНАТАМЫНЫҢ САЛЫНУ ТАРИХЫ

БӘСІБЕК САҒАНАТАМЫНЫҢ САЛЫНУ ТАРИХЫ


«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс». (Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан).

Бәсібек сағанатамы Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы сәулет ескерткіштерінің бірі. Қызылорда облысы Арал ауданы Аққұлақ елді мекенінен 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Бәсібек сағанатамы күйдірілген кірпіштен өріліп, архитектуралық өрнекті нақышпан салынған.
Шуақбайұлы Бәсібек 1818-1894 жылдары өмір сүрген. Өз заманында дәулетті кісілердің бірі болған. Ел арасындағы үлкен қариялар мен ұрпақтарының айтуына қарағанда, алды-артын пайымдай білетін болжамды, көреген адам болған екен.
Бәсібек пайғамбар жасы 63-ке қараған шағында өзіне Бекетай бидің кесенесіндей бейіт салдыруды ойлап шібер ұсталар іздейді. Осылайша Қарақалпақ ұлтынан Дәуқара мен оның ұлы Тұрым деген әкелі-балалы асқан шебер ұсталарды кездестірген.
Бәсібек оларға мынадай шарт қояды: «Дәл Бекетай бидің мазарындай болсын, бірақ күмбезі болмасын». Құрылысқа қажетті кірпіштерді дайындамас бұрын әкелі балалы шеберлер Бекетай мазарын арнайы барып көріп, ғимараттың барлық өрнек нақышын, салыну стилін көріп қайтады. Құрылысты бастар кезде Бекетай мазарын тағы да бір рет көріп қайтуды ойлаған Тұрымға әкесі Дәуқара: «Жоқ, балам, болмайды. Екі көрсең ой бұзылады»,- деп рұқсат етпеген.
Әкесінің басшылығымен Тұрым шебер қалаған сағанатам дайын болғанда таңданбаған адам қалмапты. Дәлме-дәл Бекетай кесенесінің көшірмесі, айырмашылығы күмбезі жоқ. Бәсібектің көзі тірісінде 13 жыл бұрын осы сағанатамды салдырғанын ескерсек, құрылыс 1881 жылы салынған.
Қазір біржарым ғасырға жуықтаған бұл ескерткіш әлі күнге дейін ешқандай кірпіштері мүжілместен түсін жоғалтқан емес.
Өзіне арналған сағанатамға көңілі толған Бәсібек сағанатамнан 150 метрдей жерден күйдірілген кірпіштен мешіт салдырған. Тұрым шеберге риза болған Бәсібек еңбегі үшін ұстаға үйірлеп жылқы сыйлаған екен. Бәсібектің жомарттығына риза болған Тұрым: «Осы да жетер, енді бір өтінішім, Өзіңіз мініп жүрген кері атыңызды берсеңіз» - дегенде сүйікті тұлпарын түсіп берген мырзалығын ел арасына аңыз қылып тараған. Тұрым шебер кейін Бәсібектің қамқорлығымен үй болып, қазақ арасына сіңіп Ардана аталығының сыйлы адамына айналды. Бүгіндері Тұрымнан тараған ұрпақтар Арал ауданы көлемінде жиі кездеседі.
Сағанатамды өзіне арнап салдырса, мешітті сол төңіректегі халықтың игілігіне арнаған. Мешіттегі имандылық, жас балаларды оқытып, сауаттандыру жұмыстарын өзінің інілерінің бірі Кемелбай ахунға тапсырған. Мешітте оқыған жастардың ішіндегі қабілеті үздіктерін, Қашқынбай деген сыншының алдынан сынақтан өткізіп, Бұқараға мұсылмандық оқу орындарына жіберуді дағдыға айналдырған.
Мешіт жұмысына байланысты айрықша атап өтерлігі, барлық шығын, соның ішінде оқуға жіберілген жастардың жолақысы мен оқыған жылдарындағы барлық ауыртпалықты Бәсібек тікелей өзі көтеріп отырған.

Т.ДӘРМЕНОВ,
Арал ауданы




13 тамыз 2018 ж. 1 182 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области