Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЖАҢҒЫРҒАН ЖАНКЕНТ АТАУЫ

ЖАҢҒЫРҒАН ЖАНКЕНТ АТАУЫ


Жақында облыс орталығынан біздің өңірге қатысты жағымды жаңалық келіп жетті. Ол – Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті сессиясында халық қалаулыларының Қазалы ауданындағы Өркендеу ауылын Жанкент атауына өзгерту жөніндегі ұсынысты мақұлдауы. Бүгінгі таңда бұл құжат облыстық әділет департаментіне тіркеуге жолданған. Енді Жанкент атының ортамызға оралатын сәті қашық емес.
Жанкент – Сыр бойындағы ортағасырлық ежелгі қала. ХІ-ХІІ ғасырларда Сырдың төменгі ағысын мекен еткен Оғыз мемлекетінің астанасы болғаны белгілі.
Ал ауыл тарихына тоқталар болсақ, 1945-1949 жылдары осы аумақта Өркенді, Екпінді, Жанкент, Чкалов колхоздары болған. 1963 жылы Энгельс, Жданов колхоздары біріктіріліп, Энгельс совхозы құрылды. 1968 жылы Энгельс атындағы совхоздан Өркендеу совхозы бөлініп шығып, дербес шаруашылыққа айналды. Совхоздың алғашқы директоры Жеткербай Әбжәмиев болып, мектеп, тұрғын үйлер салынып, жаңа ауыл бойын тіктеді.
1973-1985 жылдары шаруашылыққа Қалила Өтемұратов басшылық жасаған тұстары. жер тегістеліп, егіншілік саласы артты. Күріштен мол өнім алынып, миллионер совхоз атанды. Бүкілодақтық көрменің күміс және қола медаль иегерлері Әсен Өтегенов, Мұхан Айдынбаев, Гүлбарам Ахметова, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері Бекболат Еңсегенов, «Еңбек Қызыл Ту» орденді Атшабар Таңсықбаев, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін алған Сағидулла Жаңашов еселі еңбегімен ел құрметіне бөленді.
– Өркендеу ауылына Жанкент деген тарихи атаудың берілуі мерейімізді өсірді. Бұл көптің көкейінде жүрген мәселе болатын. Себебі, патша отаршылдығы мен Кеңес заманында қазақтың жер-су аттарын өзгерту, халықты тарихи жадынан айыру жағдайлары көп орын алды. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін ауыл тұрғындары мен қоғамдастық мүшелері жиналыс жасап, “Қазалы ауданы, Өркендеу ауылдық округі Өркендеу ауылына Жанкент атауын қайта беру туралы” ұсынысты бірауыздан қолдады, – дейді Өркендеу ауылдық округінің әкімі Нәби Үргенішбай.
Ауылға тарихи атаудың қайта оралғанына тұрғындар да дән риза. Енді олар атағы жер-жаһанға әйгілі Жанкенттен екенін мақтанышпен айтып жүретін болады.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Осыған орай Өркендеу ауылына ескі – Жанкент атауының қайта оралуына ауыл тұрғындары, соның ішінде мен де қуаныштымын. Өйткені бұл жерде әке-анам, ата-бабам өмір сүрген. Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихқа мәлім Қорқыттай дана бабамыз дүниеге келген аумақ – Жанкент атауымен бірге қайта түлеп, жаңғыратынына сенімдімін, – дейді ауылдық кітапхана меңгерушісі Несібелі Нұрадин.
25 шілде 2018 ж. 775 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области