ҚАЗАЛЫДА ЖОЛ ДА, КӨПІР ДЕ САЛЫНУДА
Биыл Қазалы ауданында барлығы 562,0 млн. теңгеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал келер жылы жалпы құны 5 млрд. 643 млн. теңгеге ұзындығы 141 шақырым болатын аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекен ішіндегі көшелер орташа және күрделі жөндеуден өтпек. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте аудан әкімі М. Ергешбаев хабарлады.
Келер жылы Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей, Өркендеу елді мекенінің кіре берісі мен Жанкент, Қожабақы-Бекарыстан би, Басықара-Абай-Өркендеу бағытындағы аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен Әйтеке би кентінің 68 шақырым болатын 55 көшесі жөнделеді.
Сонымен қатар, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығындағы автомобиль жолын қайта жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін облыстық бюджеттен 16,8 млн. теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр.
– Аудан аумағындағы көпірлерді жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Өткен айда «Әлсейіт» өткеліндегі темірбетон көпірінің құрылысы басталды. Көпірдің жалпы сметалық құны – 2 млрд. 791,346 млн. теңге. Биыл оның құрылысына республикалық, облыстық бюджеттерден 550,0 млн теңге бөлінді. Дарияның арғы бетіндегі 15 мың халық келер жылдан бастап төте жол арқылы аудан орталығына қатынай бастайды, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, жақында ғана «Бозкөл-Тасарық» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 22 шақырымындағы темір-бетон көпірінің құрылысы аяқталды.
Ал «Қожабақы-Бекарыстан би» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 25 шақырымындағы темірбетон көпірін қайта жаңғырту мәселесі де көп ұзамай шешілетін болады.