КӨШЕЛЕРДІ ЖӨНДЕУГЕ ЖӘНЕ КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУҒА 8,7 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ
Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов мәлімдеді.
Биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға 8,716 млрд. теңге бөлініп, жалпы 165,9 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуден өткізу жоспарланған.
Тоғыз ай ішінде 85 шақырым жол жөнделіп, 2 көпірге қайта жаңғыртылды, тағі бір көпірге күрделі жөндеу жасалып, пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда, облыс аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 211 автобус маршруты ұйымдастырылған. Сонымен қатар, облыс орталығынан Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Жібек жолы (Черняевка) және Сарыағаш қалаларына 7 облысаралық автобус маршруты шығады. Қызылорда қаласында жолаушылар тасымалы қызметі сапасын арттыру мақсатында,
2014-2016 жылдар аралығында үлкен сыйымдылықтағы барлығы 112 жаңа автобус алынып, қалалық тұрақты (1,14,11,17,18,30) маршруттарында жолаушыларға қызмет көрсетуде. Осы жылдың 15 тамызында қала көлемінде қызмет көрсететін автобустарға арналған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңы және автобустарға қызмет көрсететін базасы бар автобус паркінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, 2017-2018 жылдар аралығында бюджет қаражат есебінен қосымша орта сыйымдылықтағы 150 жаңа автобустар сатып алу жоспарлануда.