КӨП ҰЗАМАЙ ЖОСАЛЫҒА ГАЗ ЖЕТЕДІ
Келер жылы Қармақшы ауданының тұрғындары табиғи газдың игілігін көреді. Ол үшін республикалық бюджеттен 500 млн теңге, облыстық бюджеттен 55,6 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов мәлімдеді.
Осы жоба бойынша қазіргі мердігер мекемемен келісім-шарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.
– Жосалы кентіндегі автоматтандырылған газ тарату стансасын орнатумен қоса «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырынан газ құбыры – бұрыпының құрылысы жүргізілуде. Аталған жұмыстар 2018 жылдың сәуір айында аяқталады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жалпы газдандыру жұмыстары аймақтың сенімді энергетикалық базасын құрып, тұрақты экономикалық өсуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге, өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуының динамикасына оң септігін тигізеді.