МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ИГІЛІКТІ ІСКЕ БАСТАУ БОЛДЫ
Бұл туралы Өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов хабарлады.
Осы бағыттағы жұмыстарды саралаған облыс басшысының орынбасары Елбасы бастамашы болған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламарының аймақта игілікті іске бастау болғанын айтып өтті.
– 2015-2016 жылдары «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 14,4 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде жылу желілерінің тозуы 55 пайыздан 44 пайызға төмендеді. Биыл жылу желілерін қайта жаңғырту және бу қазандықтарды газ отынына қайта жабдықтау жұмыстарына облыстық бюджеттен 533 млн. теңге қаржы бөлінді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
2016-2017 жылдары сумен қамтамасыз ету және суды бұру бойынша 41 жобаны жүзеге асыру Ұлттық қор есебінен 11,5 млрд.теңге қаржы бөлінді. Ал биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аймақта 47 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оған Ұлттық қор, облыстық бюджеттен барлығы 2 260,4 млн.теңге бөлінді.
Сол жағалаудағы жаңа қала 1532 гектарды құрайтын аумаққа түседі. Оның 367 гектарында рекреациалық аймақтарды құрылса, 537 гектарына тұрғын үй, 190 гектарына сауда және офистік ғимараттар, 270 гектарға әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынады..