БАТЫРДЫҢ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Сыр бойында дүниеге келіп, маңдайы күнге, табаны құмға күйіп, топырағына аунап өскен дара тұлғалар қаншама. Олардың ішінде есімін ел білетін, оны мақтана айтып, ұрпаққа өнеге етерлік ерлері де баршылық. Солардың бірі – қиын қыстау заманда елге қорған болған, батыр Жаназар.
Әр елдің, әр ұлттың өзіне лайық қасиеттері, үлгі етер тұлғалары болатыны белгілі. Елбасы Н.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», - деген болатын.
Осыған орай бұл мақаланың жарық көрген бір жылдың ішінде шаң басқан тарихымых бен салт-дәстүріміз қайта жайғырды. Есімі елге белгілі ерлердің есімі ұлықталып, жастарға үлгі етілді. Сондай шаралардың бірі өткен аптада ауданның батыс беткейінде орналасқан Сұлутөбе елді мекенінде өтті. Мұнда аталмыш Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты Бірлестік елді мекеніне батыр Жаназар Досханаұлының есімі берілді.
Ауызба-ауыз жетіп келген әңгімелерде Жаназар ірі денелі, екі иығына екі кісі мінгендей, қапсағай бойлы, сұсты, өткір көзді, қыр мұрынды, қараторы жүзді кісі болыпты. Оның батырлық мінезін халық бала күнінен-ақ байқапты. Кей деректерде он жеті жасында-ақ топ жарған делінеді.Ол, Шиелі болысына қарасты «Сұлутөбе» елді мекенінде 1818 жылы туылған. Яғни, Сыр бойында билік-өктемдігін жүргізген қоқандықтар мен батыстағы Ресейдің отаршылдық саясаты мен барымташылардың озбырлық әрекеттерді көрсеткен тарихи кезеңмен тұспа-тұс өмір сүрген.
Бүкіл Сыр өңіріне үлгі боларлық азаматтың аты ұлықталған шарада аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов құттықтау сөз сөйлеп, ерлік көрсеткен ерлердің есімі ешқашан өшпейтіндігі жайлы атты. Сондай-ақ, шара барысында ауыл азаматтары, ұрпақтары бас қосып, ерліктің өшпес көрінісін көрсеткен Жаназар Досқанаұлы жайында өшпес естеліктерін айтты. Арнайы дастарқан жайып, батыр бабаның рухына Құраннан дұға бағыштады. Балуандар күш сынасып, жыраулар жырларын төкті. Балуандар арасында 90 келіге дейінгі салмақта нартайлылық Қанат Асылбеков І орынды қанжыласа, 60 келі салмаққа дейінгілер арасында Бекжан Төлепов мықтылығын танытып, І орынды иеленді, жыраулар арасында жарқырап келе жатқан жарық жұлдыздардың бірі Мұхамедәлі Бекпейісов бас жүлдеге ие болды.
Ерұлан БАЛТАБАЙҰЛЫ.