Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ТУҒАН ЖЕРДЕ КАНАЛ ҚАЗДЫРҒАН

ТУҒАН ЖЕРДЕ КАНАЛ ҚАЗДЫРҒАН

«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс». Міне, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осылай делінген.
Шығыстың ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен ел үшін еткен еңбегінде» дейді. Саналы ғұмырын елінің болашағына арнаған тұлғалар аймағымызда аз емес. Ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жастар арасында шынайы птариотизмді дамыту, елдік мүддені қастерлеу мақсатында елі үшін ерен еңбек еткен тау тұлғалы азаматтарды насихаттауға мән берілген болатын. Осы тұста, елдік мүддені ұран еткен тұлғалы азаматтардың бірі – Зұлпыхар Мұсаханов туралы сыр шертпекпіз.
Тау алыстаған сайын биіктей түсетіні ақиқат. Сол бір таудың асқақтығындай еселі еңбегі арқылы есімі саф алтындай жарқырап, еске алған сайын қыруар қызметтері көптің көңіліне шуақ болып қайта оралады.
Елу жылға жуық Жаңақорған аудандында басшылық қызметтер атқарған Зұлпыхар Мұсахановтың өңір экономикасының дамуына сіңірген еңбегі үлкен. Бар ғұмырында ел үшін, халық үшін жанын салып, ауданның өсіп-өркендеуіне қомақты үлесін қосты.

Ол облыстың отүстіктегі халқынының ырзық-несібесін молайтуға әлі күнге қызмет етіп келе жатқан Тайпақкөл, Сунақата және Келінтөбе магистралды каналдарын қаздыруға басшылық жасап, жерімізді суландыруға бар күш-жігерін жұмсады.
Тарихқа көз жүгіртейік. Сонау 1939 жылдан бастап республика үкметі Сырдария өзенінің екі қапталын егіс егуге бейімдеу үшін каналдар қазуды жоспарға енгізген екен. Жергілікті билік әуелі халқы тығыз орналасқан Төменарық және Сунақата алқаптарына канал қазуды қолға алды. Әрине, сол замандардағы қазу құралы тек кетпен болатын. Әсіресе ұзындығы 20 шақырымнан асатын Сунақата каналын қазуға ауданның 24 колхозынан қол күші жиналып, қызу жұмыс қайнады.
1941 жылы еліміздің батысынан соғыс өрті бұрқ ете қалды. Ер-азаматтар жаппай әскер қатарына алынып жатты. Міне, сол кезде аға буынның орнын жастар басады. 1933-38 жылдары аудандық комсомол комитетінің хатшысы болған Зұлпыхар Мұсаханов өз еркімен Сунақата каналын қазып жатқан еңбеккерлерді басқаруға өтініш білдіріп, канал қазу жұмысын ұйымдастыруға кірісіп кетеді. Осындай сауапты да жауапты жұмыста ол тез есейіп, ел ауыртпалығын бірге көтеріседі.
Соғыстан кейінгі жылдарда ел еңсесін тіктеп, Сыр жағасындағы тың жерді игеруге кіріседі. 1966 жылы Түгіскен массивін игеріп, 6 күріш совхозы ашылып, Келінтөбе магистралдық каналы қысқа мерзімде аяқталды. Сол жылы 205 гектар аумаққа күріш дәні себіледі. Сол тұста штаб бастығы болған З.Мұсаханов тың жерлердің инженерлік жүйеге келтірілуіне еңбектенеді. Оған қоса өзі жетекшілік еткен бас каналдың ұзындығы – 120 шақырым, ұлтанының кеңдігі – 16 метр, тереңдігі – 8 метр келетін Түгіскен алқабын түлеткен Келінтөбе суландыру жүйесі осындай алып құрылыс еді. Міне, бізде осы бір тарихи сәтті қайта жаңғыртып, ұрпақ сабақтастығын ұлықтасақ деген ниет бар.
1969 жылы алғашқы күрішке орақ түсу сәтіне ХХІІІ-партсъезд совхозын көру үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы ауданға келеді. Жақсы дайындықпен қарсы алып, қонақжайлық құрмет көрсетеді. Сол кезде жиылған дала еңбеккерлерінің алдында Дінмұхаммед Қонаев Зұлпыхар ағамыздың қолынан ұстап, көпшілікке қарата:
– Мына сары бала ҚазССР Су және жерді суландыру министрі Сұлтан Сәрсенбаев жолдасты менің алдыма екі мәрте алып келді. Мұсаханов маған Жаңақорғанның Түгіскен массивінде 200 мың гектардан астам тың жерге 50 жылдан бері дүре тимегенін айтып, игеру керектігін айтты. Оған қоса, суландыру жүйесі бойынша мемлекеттік жоспарға ендіруге көмек сұрады. 1965 жылы Түгіскен массивін мемлекеттік жоспарға енгіздік. Осы идеяны ұсынған мына сары бала, – деп обкомның бірінші хатшысы Бектұрғановқа З.Мұсахановты меңзейді.
Осындай ойы ұшқыр, арда азаматтың идеясы нәтижесінде «Задарья», «Түгіскен», «ХХІІІ- партсъезд», «ХХІV-партсъезд», «Өзгент» күріш совхоздары ашылып, халыққа жұмыс көздері табылды. Айрықша атап өтерлік тағы бір жайт бар. Ол Мұсахановтың ұйымдастырушылық қабілеті хақында. Мұсаханов бас арықты қазуға кіріспей тұрып-ақ, және осы жұмыс басталғаннан кейін де Өзбекстанға барады.
Ондағы ашаршылық жылдары көршілес елге ауып кеткен ағайындардың елге оралуына ұйытқы болады. Жалпы, бас каналдың бойында орналасқан «Қожакент», «Аққорған», «Баспақкөл», «Сунақата» ауылында негізінен сол уақыттарда Өзбекстаннан көшіп келген ағайындар қоныстанды.
Иә, Зұлпыхар Мұсаханұлының елге ет-кен елу жылға жуық қызметі еленді. Ол Қазақ КСР-не еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері, 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен 3 мәрте марапатталған.
Түйіндей айтқанда, Мұсаханов каналы қазылғаннан бастап аудан ағын судан көп таршылық көре қоймады десек болады. Оған қоса, Жаңақорған ауданының әр жылды табыспен аяқтап, жоғары еңбек нәтижесін көрсетуімен бағалауға болады.
Сол айтқандай, егіншісі мәрт, жері жомарт – аталған аудан өткен жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыста «үздік аудан» атанды. Бұл ортақ абырой, әрі ауданның аграрлы саладағы серпінді асуы. Әрине, ағын судан қысылмаса, жаңақорғандық диқандардың егіншіліктің байырғы қалыптасқан озық тәсілінен әлі де жаңылыса қоймасы анық. Оның үстіне Елбасының өміршең бағдарламалары арқылы ауыл шаруашылығына зор мән беріліп, Үкімет тарапынан қолдау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бір сөзбен айтқанда, ер ырзығына айналған, ел аузында «Мұсаханов» каналы атанып кеткен бас арықтың жылнамасы осылай тарқатылады.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ
09 тамыз 2018 ж. 814 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области