Тұрақтылықтың негізі – ұлттық бірегейлік
Әрбір халықтың ұлттық ерекшелігі бар. Қазірге дейін қалыптасып, мәдениеті, әдет-ғұрыптары, тілі, діні т.б ұлттық құндылықтары сан ғасыр бойы дамып, күні бүгінге дейін жақсы сақталған.
Бұл ретте, Алтай мен Атырау арасында күн кешкен текті ұлтымыз қашанда ұлттық құндылықтарды ұлықтай білген. Заманында батыр Бауыржан Момышұлы: «Қазақ тілі еш уақытта өзімен көрші халықтардың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалмағаны, өз сыбағасын ешкімге жібермегендігіне мың жылдық көне тарих куә», - деген еді. Сол айтпақшы, еліміздің түкпір-түкпіріндегі кез-келген тұрғын бірін-бірі түсінеді, халқымыз ортақ тілді сақтай білді. Яғни, ұлттық бірегейлікті қалыптастыра білді.
Бабадан балаға жалғасқан дәстүрді берік ұстаған халқымыз жеті атаға дейін қыз алыспаған. Мұның мәні ұрпақты таза сақтау үшін 25 жас бір ата деп саналса, 7 атаға дейін 176 жылдың өтуін аса қатаң ескерген. Содан кейін бойжеткен қыздар да әр өңірге тұрмысқа ұзатылу арқылы ана тілдің дамып, ұлттық бірегейліктің сақталуына мән берген.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да осы ұлттық бірегейлікті сақтауға үлкен көңіл бөлген. Әрине, қазіргідей жаһандану заманында ұлттық болмысты жоғалтпау, төтеп беру қажет. Қуаныштысы, еліміз тәуелсіздік жылдары кеңестік әдет-ғұрыптардан арылып келеді. Бұл Мемлекет басшысының «ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің керітартпа тұстарынан бас тарту керек» деген идеясымен үндеседі.
Ұлттық бірегейлік арқылы ұлттың болмысы сақталса, ал ұлттық тәрбие арқылы бойымызға патриотизм дарыған. Тарихтан мәлім, ата-бабамыз Отан қорғауда аянбай, патриотизмнің ең озық үлгісін көрсеткен. Бұл мақсатта айтылған аталы сөздер халықты үнемі жігерлендіріп келеді. Ендігі міндет – сол ұлттық патриотизм үлгісін жаңа қазақстандық патриотизммен ұштастыру, өзге ұлттарға өзіміздің елімізді сыйлауына бағыт-бағдар көрсету.
Демек, патриотизді ұлттың тілі, діні мен ділімен, яғни ұлттық бірегейлікпен тығыз астасып жатқан ұғым деп қарастыруға болады. Мұның ұрпақты ұлтжандылыққа ұлықтауға баулу ісіндегі маңызы орасан зор. Себебі де белгілі, болашақ – жастардың қолында! Бұл жолда бойына ұлтымыздың бүкіл игі қасиетін жиған білімді, ұлтының патриоты болған ана тілге де селқос қарамайды. Өзінің және өзгенің тілінде еркін сөйлейтін жан қай кезде де елінің дамуына үлес қосады.
Ал тәуелсіз Қазақстанда дәл осы патриотизмге, ұлтжандылыққа баулу – ерекше маңызды мәселенің бірі әрі бірегейі екендігі анық.