ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ САҚТАУ
«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс».
Нұрсұлтан Назарбаев
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қазақстандықтарды елең еткізген еді. Алты бағытты қамтитын мақаладағы негізгі мәселенің бірі – ұлттық бірегейлікті сақтау. Яғни, ұлттық бірегейлікті сақтап, үшінші жаңғыруды жүзеге асыратын ұлттық идеология – мақаланың ұстыны болатын. Мұның арғы жағына тереңдесек, ұлттық код, ұлттық мәдениет, ұлттық негіздер, латын жазуына көшу сияқты сүбелі мәселелер шығады.
Кез-келген халықтың рухани деңгейі арқылы ұлттық бірегейлік көрініп, жүзеге асып отырады. Әрине, бұл ретте ұлттық тәрбие, діни сауаттылық, тарих, интеллектуалдық қызмет, мәдениет, өнер, білім, еңбекқорлық секілді мәселелердің міндетті түрде бірге жүретіні анық. Қысқа қайырғанда, ұлттық бірегейлік ұлттың өркендеу мүмкіндігінің барометрі.
Бұл ретте, әлемдегі жаңалықтың адамзат қоғамына ықпалын тигізбей қоймайтыны анық. Сол себепті, өркениет өрісіндегі әрбір ел өзінің дербестігін сақтап қалу, нығайту үшін мемлекеттің ішкі өмірінде ұлттық бірегейлік сақталуы тиіс. Заманның ағысына қарай мәдениет, адамзат өзгеріп, түрлі топтар, секталар пайда болуы мүмкін. Яғни, мемлекетті әлсірету арқылы ұлттық бірегейлікті ыдыратуға болады.
Дегенмен, өркениеттің игілігінен бас тартып, толық тұмшаланып тірлік кешу – қиынның қиыны. Бәлки, мүмкін емес болар. Қалай болғанда да, жүрегі құлқын емес, ұлтым деп соғатын әрбір жан өз ұлтын мақтан тұтып, ұлтқа тән бар ізгі қасиетті бойына жия білгені жөн. Себебі, дінін, білімін дәстүрге, қоғамға, тарихқа, мемлекетке қарсы қою – ұлттық бірегейлікті жояды.
Қадымнан қазірге дейін қазақ руханиятындағы елдік, ар-намыс, қайырымдылық, жауапкершілік, кішіпейілді болу, төзім, қанағат, мейірімділік сынды ізгі қасиеттер – ұлттық бірегейліктің негізгі тұтқасы. Алаш тұлғаларының ұстанымына айналған бұл құндылықтар арқылы қазақтың отбасында, қоғам өмірінде бірлік, түсінік, төзімділік, қайырымдылық сақталған. Адал еңбекпен күн кешуді мақсат ету – бірегейлікті сақтаудың алғышарты.
Ал ұлттық бірегейліктің негізгі белгілері: ұлттық дәстүр, ұлттық тәрбие, діннің таза күйінде сақталуы, тарих, тарихқа құрмет, ұлттық өнер, туысқандық дәстүр, қоғамда, отбасында ұлттық құндылықтардың сақталуы, заман талабына сай икемділік, білімділік, ғылымның мемлекетке тигізер пайдасы бағалау т.б.
Атам қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген керемет мағыналы сөз бар. Бұл аталы сөз ұлтты ұйыстыруға ұлттық бірегейлікке, елдік пен ауызбіршілікке үндейді. Себебі, ұлттық бірегейліктің түп-тамыры әрбір отбасындағы ұлттық дәстүрден бастау алады. Әрине, жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты жоғалтпай, бабадан балаға мирас болып жалғасқан ата дәстүрді ұмытпаған абзал.
Ал ұлттық бірегейлік болмаса не болады? Ұлттық бірегейлік болмаса, тұлғалық бірегейлік болмайды. Тұлға болмаса, тарих та болмас еді. Яғни, ғасырлар бойы қалыптасатын мемлекеттің негізгі құндылықтары – дәл осы тұлғалық қасиет пен ұлттық құндылықтан тұрады.
Демек, қай кезде біздің ұстаным - табан ақы, маңдай термен еңбек етіп, бабадан балаға жалғасқан «Ала жіпті аттама» деген керемет нақыл сөзді ту ету.