15 млн. қаралым жинаған «Опмай, опмай» әні туралы кім не дейді?
15 млн. қаралым жинаған «Опмай, опмай» әні сынның астында қалды
«Астарлы ақиқат» бағдарламасының кезекті шығарылымы қазіргі хит әндерге арналды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz www.ktk.kz сайтына сілтеме жасап.
Соңғы уақытта көпшіліктің аузынан түспейтін, халықтың сүйікті әуеніне айналған «Опмай, опмай» әні Youtube-та 15 млн-нан астам қаралым жинаған. Күні кешегі эфирде «Азия» мен «Бақай» топтарының бұл әні мен оның бейнебаяны көпшіліктің талқылауына түсті.
Уақыты келгенде саны кетіп, сапалысы қалады
«Қазіргі кезде тойдың әнін орындаған әншінің табысы мол. Ол көрерменнің де көзайымына айналады. Бұл әншілердің таланты жоқ деп айта алмаймын. Олар да көрерменнің талғамына жасаған дүниесі деп ойлаймын. «Азия» тобының мүшесі Нұрсұлтан Батықұловтың жақсы музыкант, әнші екенін жақсы білемін. Бұл әнді тойдың форматына келтіріп жазғаны көрініп тұр. Ал тойдың форматы дегеніміз, халықты билету, көңіл көтеру керек», – деді халық әртісі, әнші Роза Рымбаева.
Әнші өз сөзінде тойдың әнінің мән-маңынасына ешкімнің аса мән бермейтінін айтып, тек оның ритмі, жақсы аранжировкасы мен музыкалық аппаратураның дыбысы маңызды екенін айтып өтті. Сондай-ақ көңіл-көтеруге келген адамға «Опмай, опмай» әнінің ритмі керемет келіп тұр деп баға берді.
«Қазіргі әндердің сөзі өмірден алынған. Жастар өз заманына еліктейді. Сондықтан олар жаңа форматқа, жаңа стильге қарай бет алуда. Уақыты келгенде саны кетіп, сапалысы қалады. Мәселен, «Ninty one»-ның да уақыты өтіп, енді бір 5 жыл жүрсе олардың да дәурені өтеді. Сол кезде басқа топ, басқа би сәнге айналады», – деді әнші.
«Опмай» бойдың әні
Ал журналист Аяна Ғабдуллина әндерді үш топқа бөлетіндігін жеткізді.
«Мен әндірді үш топқа бөлемін. Тойдың әні, ойдың әні және бойдың әні. Тойдың әні – «Ақмаржан» болса, ойдың әні мысалы, Роза Қуанышқызының орындауындағы әндер, ал «Опмай, опмай» бойдың әні деп ойлаймын. Себебі ол тек билеуге арналған. Әр заманның өз тыңдарманы бар. Мәселен, ойдың әнін орындайтын Роза апайымыздың әні тарихта қалар болса, «Бақай» мен «Азия» топтарының бұл әні тарихта қалмасы анық. Өйткені олар уақытша табыс табу әні», - дейді журналист.
Той әндері мен бой әндеріне еш қарсылығы жоқ екенін айтып өткен Аяна Ғабдуллина әнші барынша халықтың көңілін көтерсін. Бірақ ол ел адында сайқымазақ болмауы қажет екенін ескертті.
Музыка – құдіретті өнер
Бағдарламаға сыншы ретінде қатысқан Әмина Құрман музыка құдіретті өнер екенін айта келе, «Опмай» орындаушыларын біраз сынап тастады.
«Әннің туу тарихына үңілсек, ерігіп жүріп шығарған секілдісіңдер. Қазіргі өлеңдердің мағынасын сынай тұрып, өздерің мағанасыз, мәнсіз дүние тудырғансыңдар. Сендер осы әндеріңе түгел халық басып иіп тұрғандығына сенімдісіңдер ме? Өлең деген – поэзия. Поэзияға поэтикалық көркемдік, образдылық, мағына керек», - деді Әмина Құрман.
Сыншы жегіттердің көп күлгенін де сынға алып, күлегеш әндерге тек халықтың білгілі бір тобы ғана кіретінін, оларды тобыр деп айтатынын да айтып өтті.
Сонымен қатар сыншы қазіргі әуендерге қарсы емес екенін айта отырып, тек қазақ әндерінде қазақы рух, қазақы сарын болса екен деген тілегін білдірді.
Оларды ел алдында мазақ етіңдер
Сазгер Жарылқасын Дәулет қазақ әншілерін отпен ойнаған бала секілді әншілер және халықты әлдилеп, елді тәрбиелейтін парасатты әншілер деп екіге бөлді.
«Бізде қазіргі күні 10 пайызды құрайтын парасатты әншілер бар, ал отпен ойнаған әншілердің саны 60 пайызға жуықтайды. «Азия» мен «Бақай» тобының жігіттеріне риза болып отырмын. Неге? Бізге пародия қажет. Себебі қазір жастарды есінен ауыстырған «Ninty one» атты озбыр топ шықты. Осындай топтарды табан астына таптап, ел алдында мазақ етіңдер», - деген сазгер қос топтың жігіттеріне риза екендігін айтып, бұған дейінгі де әндері халықтың көңілінен шығып жүргенін жеткізді.
«Қазақтың керемет Жамал Омарова деген әншісі болды. Оның «Өр Алтай, Асқар Алтай» деп келетін өлеңі бар. Соны шырқап жүрген уақытта Шона Смаханұлы «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деп сынады. Сонда Жамал Омарова одан әрі керемет туындыларды орындады. Бұл «Опмай, опмай» әнінде де жігіттер, мәселен Бейбіт Кушкалиевке «сен тек битіп билете бер ме», сенің әлеуетің одан да зорғысына жетеді» деп сынап тұр. Бұл сыннан кейін Бейбіт бауырымыз ғибаратты әндер жазуы тиіс деп есептеймін», – деді сазгер.
Сонымен қатар қазақ сатирасының атасы – Көпен Әмірбектің сатираның шыңында тұрып, етектегі «халтурщиктерді» ит қылып жібереді, деген сазгер топ әншілерінің де бұл әні, ән әлеміндегі «Халтурщиктерді» мазақ ету деп түсіндірді.
Осы хиттің қажеті жоқ еді
Бағдарламаның қонағы журналист Айдос Игіліков екі топтың да бұдан біраз уақыт бұрын өз бағаларын алған, өз деңгейлері бар әншілер екенін айта келіп, оларға дәл осы хиттің қажеті жоқ екенін айтады.
«Сіздер ренжімеңіздер. Бірақ сөздің парқын түсінетін азаматтар қазір сіздерді жеңіл-желпі әншілердің қатарына қосып жіберді. «Опмайды» сіздер емес, өздеріңіздің шәкірттеріңізге орындату қажет еді», деді.
«Опмай, опмай» пародия ән
Өз кезегінде «Азия» тобының әншісі Ербол Шәріпов «Опмай, опмай» достық әзіл ән, пародия және қазіргі мән-мағынасыз әндердің орындаушыларына өз қателіктерін астарлап жеткізу деп түсіндірді.
«Бұл пародия, кемшілікті астарлап жеткізу үшін шығарылған ән. Біз бұған дейін ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңіне ән жазған болатынбыз. Бірақ оны жастар тыңдамады. Оның көпшілік білмейді де. Сондықтан жастарға өз қателіктерін өз тілінде жеткізу үшін осындай қадамға бардық», – дейді Ербол Шәріпов.