Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ТОЙДЫҢ ЖАҚСЫ ӨТПЕГІ – АСАБАДАН

ТОЙДЫҢ ЖАҚСЫ ӨТПЕГІ – АСАБАДАН

Қазақ тойдан кенде емес. Бұрын демалыс күндерді тойдың қызығына арнасақ, қазір аптаның күнін таңдамайтын да болдық. Мейрамхана қай күнге бос, соған лайықтап той дүрмегін қыздыратын халықпыз. Бүгінде той-томалақ та көп, оны жүргізетін асабаға деген де қажеттілік те артып келеді. Асабаның да түр-түрі табылады.
  Жалпы, той басқару оңай жұмыс емес. Оған жас та, жасамыс та жиналады. Асабаны үнемі тыңдап отыратындай ол сахналық қойылым, ал қонақтар көрермен емес. Дегенмен, алқалы қауымды үйіріп әкету, құлақ түріп тыңдату асабаның сөздік қоры мен дауыс ырғағына байланысты.
  Тойға келген жұртты жалт қаратып, не болмаса тілі күрмеуді шешетіндей орақ тілді асабалар жұртшылықты бірден өзіне баурап алып та жатады. Ал кейбірі ұзыннан-ұзақ сөйлеп, не болмаса қарабайыр тілімен жалықтырып, аудиторияны ұмыт қалдыратынын көз көріп жүр.
  – Тойдың жақсы өтуі – асабадан. Кейбір отырыстарда әбден ығыр қылған жаттанды үш-төрт әзілді ести-ести құлағың жауыр болады. Сөйлеу керек екен деп ретсіз, қажетсіз дүниелерді айтатындар жетерлік. Ақ жаулықты әжелеріміз бен ақ сақалды аталарымызды мадақтаудың орнына олардың тісімен алысып, иегіндегі сақалын келемеждеп, жүрісін сөз қылып, қай-қайдағыны айтып кетеді.
Бірде асаба ортаға сөз сөйлеуге шыққан кейуананың аузындағы екі-үш тісін сөз қылып, елді күлдіртемін деп той үстінде бір ағамыздан зілді ескерту алғаны бар. Сөйлерде абай болған дұрыс, айтылған сөз – атылған оқпен тең, – дейді қала тұрғыны Бибісара Тәжібаева.
  Иә, мұндай мысалдар көптеп келтіруге болады. Тойдың басым көпшілігінде ащы су қойылады. Ондай отырыста сөз тыңдалмай, ескерту еленбей, күлкі басым шығады. Міне, осы сәтте тойдың сәні кетіп, мәні қашады. Ғибратты да тағылымды сөздер айтып, құлақтың құрышын қандырып отырған асаба мүлдем өзгеріп, басқаша тактика қолдануға көшеді. Себебі, ішімдік бар жерде рухани әңгіме жүрекке жетпейді. Содан болар, той үстінде ұсақ-түйек әзілдер айтылады. Оған қоса «Періштелердің құлағы бір күн ашық, мың күн жабық, лайым періштелердің құлағын ашық қылып, баршаңыздың тілектеріңізді қабыл етсін!» деген сөзбен тойшыл қауымды тілек арнауға демеп қоятыны бар. Бұл сөзді әуел баста біреу білместіктен айтқан сыңайлы. Бірақ, осыны қаншама асаба бірінен-бірі қайталап жүргенін байқаймыз. Періштелердің Жаратушыға бұлжытпай қызмет ететінін білсе, бұл қателікті екіншісі қайталамаған болар еді.  Осыған қарап, «басым бөлігі жаттандылықпен жүр ме?» деген ой келеді. Ізденістің жоқтығын құдаласқан екі ел туралы бір ауыз сөз айта алмай жатқанынан аңғарасың.
Асаба – бүгінгінің серісі, ал жігітке жеті өнер де аз. Кешегі сал-серілердей құлаққа қонымды, көкейге сіңімді ой айтып, шымшып алар қалжыңдарының астарында мәнді сөз жатса, нұр үстіне нұр. Оның үстіне бұл қызмет үшін аз қаражат төленбейді. Көпке топырақ шашуға болмас, әрине. Сөзі мірдің оғындай асабалардың аз еместігіне жоғарыда тоқталдық. Тек кейбірі шығармашылығын шыңдап, ізденбесе, келе-келе сұраныстан сырт қалатынын да жоққа шығармаймыз. Өйткені, бәсеке бәріне сарапшы емес пе?

М.СНАДИНҚЫЗЫ
19 сәуір 2018 ж. 691 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области