СЫР ӨҢІРІНДЕ КЕЛІНДЕР САЙЫСЫ ӨТТІ
Келіні жақсы үйдің керегесі алтын. Осындай айдармен Қызылорда облысы Жалағаш ауданында келіндер байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24.kz
Амал мерекесінен бастап 9 күннен бері әз Наурызды тойлап жатқан сырбойылықтар күн құрғатпай тағылымды шаралардың ұйытқысы һәм куәгері болуда.
Ауылдағы шаруасын ұршықша үйіріп, ұрпақ өсіріп отырған жалағаштық келіндер 5 бөлім бойынша сайысып жатыр. Байқауға 13 елді мекеннен және аудан орталығынан барлығы 14 үміткер білек сыбана келген.
«Сәлем сөздің патшасы» атты алғашқы бөлімде қатысушылар туған жерін, әулетін өлең шумақтарымен таныстырды. Келесі кезекте өнегелі келіндер өнерін ортаға салды. Жалпы шарада ұлттық салт-дәстүрдің барлық түрі көрініс тапты. Сәбиді бесікке бөлеудің қыр-сыры түсіндіріліп, бесік жыры шырқалды. Бесаспап қазақ келіндері ұлттық тағамдардың түр-түрін әзірлеп, дастарқанды жайнатты. Көпшілікке ұмыт бола бастаған қазақы ас-судың жасалу жолдарын көрсетті.
Ару келіндер ісмерлігін көрсетіп сайысса, жалағаштық ер-жігіттер ұлттық спорт түрлері бойынша шеберлік байқасты. Арқан тартысып, гір тасын көтерген ерлер жарысы көпшілікті алаңдатпай қоймады. Ал бозбалалар жағы асық атып, епті мергендіктерін паш етті. Жаңғыртылған бес тас ойыны да жиналғандар назарын өзіне аударды.