ЖАҢА ЖЫЛДА ЖАҚЫНЫҢА ҚҰШАҚ АШ – АҒАЙЫНМЕН ТАТУЛАС
Қаһары қатты қыстың беті қайтып, көктем шуағын төккен мамыражай сәтке аяқ басқан ағайын Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін тойлауда. Қазақ халқы дәстүр сабақтастығын жаңғыртып, ескі жылдан аман-есен шыққандарына шүкірлік етеді. Отбасы берекесі артып, шаңыраққа жақсылық нышаны еселеніп төгіледі. Үлкендер ақ батасын жаудырып, келер жылдан жақсылық күтеді.
Ақшаңқай киіз үйлер қатар тігіліп, барша жұртқа арналып, жеті түрлі тағам қосылған Наурыз көже жасалады. Аталған көжені тауысып ішкен адам жыл бойына тоқ жүреді деген халық арасында ұғым бар. Ерекше сәнге ие ұлттық нақыштарымыз айрықша көрініс тауып, сыйлы қонақ төрден орын алады. Көпті көрген қариялар қазыналы әңгімелерін ұрпақтар санасына сіңіреді. Алаңқайларда шабандоздар көкпар тартып, сылаң қаққан сұлу мен серілігін серік еткен жігітттер алтыбақан басында ән айтып, мың бұрала билейді. Ұлттық ойындар ұлықталып, төл өнеріміз төрге шығады. Түйе палуандар атандай мықтыны жерге жығады. Келіндер келісті келбетін сақтап, ақ жаулықты аналарымыз ауылдың алты ауызын айтып, қыстан шыққан сүрден дәм татқызады.
Жыл бойына араздасқан ағайын бір-бірін татулыққа шақырып, өзара кешірім сұрасып, табысады. Өкпе-ренішін серпіп т дархан көңіл халқымыз мәңгілікке дәстүр дәнегінен нәр алып, руханиятымыздың нақ үлгісін насихаттайды. Қайырылмастай кеткен көңілдегі кірбің бір мезетте сейіліп, жаңа күн бастауы татулық нышанына айналады. Жер бетіне көк шығып, төрт-түлік төлдеп, ағайынның аузы аққа жетеді. Мерекеге арқау болған әдет-ғұрпымызға тән жоралғыларды жасаған халқымыз әркез құндылықтар биігінен көрінеді. Ендеше, әр жыл сайын мазмұнын жоғалтпаған шат-шадман күнде бірлігіміз жарасып, қазанымыз ортаймасын. Жақсылық атауы шаңыраққа құт-берекесімен келіп, жаңа жылда әрбір отбасы жан басымен толықсын. Ескілер орны жаңара түсетін ұлы күнде алтын бесік туған жеріміз рухани тұрғыдан жаңғырған кейіпке еніп, кереметтілігін жоғалтпақ емес.
Балтабай ОРДАБЕКОВ