НАУРЫЗ КӨЖЕ, ТІЛЕУ КӨЖЕ, КӨП КӨЖЕ...
Нұр төгіліп, ақ бұлақтар ақтарылып, жыл құстарының әні шалқып Наурыз да келді. Жыл басы Арал қаласындағы З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйі «Наурыз көже – ырысым» атты байқауды дәстүрлі түрде биыл төртінші рет ұйымдастырды. Байқауға ұлттық киім киіп, орамалдарын төгілдіре тартқан мектеп мұғалімдері қатысты.
– Наурыз көже келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде Наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген. Халық арасында «тілеу көже», «көп көже» деп те аталады. Жас келіндер наурыз көже дайындаудың әдіс-тәсілдерін біліп, Ұлыстың ұлы күні дәмді қылып әзірлеп, шаңырақтарына бас сұққан жандарға ұсынып, үлкендердің ақ батасын алса деген ниеттен туған бұл байқау өз мәнінде өтіп келеді, – дейді қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Сапаркүл Нұралиева.
Көжелерден ауыз тиген Сәлима есімді қала тұрғыны: «Біздің жас кезімізде Наурыз тойы жалпыхалықтық сипат алып тойланған жоқ. Сондықтан, наурыз көженің де дәмін білмегеніміз рас. Жас келіншектердің мектептегі жұмыстарымен қоса, көпшілік алдына өз қолдарымен әзірлеген наурыз көжелерін ұсынуы қандай ғанибет! Әрқайсысының дәмі әр түрлі», – дейді риза пішінде.
Байқау қорытындысында жан-жақтылығымен ерекшеленген №13 орта мектептің мұғалімі Гүлсім Саянова бас жүлдені иеленді. Жүлделі І орынға №262 мектеп-гимназияның мұғалімі Раушан Нәбиева мен №14 мектеп-лицейдің мұғалімі Айна Маханова ие болды. Ал, ІІ орынды №260, №64 орта мектептің мұғалімдері Мөлдір Әбдіқалиева және Зәуре Тасмамбетова иеленді. Сондай-ақ, №220 орта мектеп пен №62 мектеп-лицейдің мұғалімдері Гүлнар Өтешқалиева, Жұлдыз Исаевалар ІІІ орынды өзара бөлісті.
Қатысушыларға арнайы дипломдарды табыс еткен қалалық мәдениет үйінің директоры Айна Тұяқова байқау аясының жыл сайын кеңейіп келе жатқандығын айтты.