Қызылордада 25 жастағы жігіт прокурор болып қызмет істейді
Қызылордалық 25 жастағы Мағжан Қуанбайұлы қазіргі таңда Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасының прокуроры лауазымында қызмет атқаруда, деп жазады Kyzylorda-news.kz.
Биылғы жастар жылы аясында әр салада өздерін жақсы қырынан танытып, елдің дамуы жолына аянбай тер төгіп жүрген ел жастары елеусіз қалмай, олардың қызметтері көпке үлгі ретінде танылып жатыр.
Ең құрметті кәсіп саналатын Отан қорғаушылардың арасында да жас та болса өз ісіне мығым, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп, халқымызға қорған болуды үлкен абырой санайтын әскери қызметшілер қатарында зор мақтанышпен атауға болады.
Соның бірі ел сенімін артқан ерлерге қарап бой түзеген Мағжан Қуанбайұлы. Алматы облысы Кеген ауылының тұрғындары Қуанбай Тілепбергенов пен Жанна Әуелбековалардың отбасында 1994 жылы 12 мамырда Мағжан дүниеге келген.
Мағжанның білімге құштарлығының арқасында мектепте үздік оқушы, спорттың бокс, жүзу, таэквандо түрлерінен бірінші орындардың иегері атанған. Б.Момышұлының қанатты сөздері мен ағаларының әскери формаларына деген қызығушылығы оны әскери өмірге алып келеді.
Ол 2009 жылы Алматы қаласы Б.Момышұлы атындағы «Жасұлан» республикалық әскери мектебіне оқуға түседі. Әскери мектепте оқып жүргенде Мағжанның ҚР Қарулы Күштеріндегі қызметтен бөлек, әскери прокурор болуға ынталанып, алға қойған мақсаты өзгереді. Оған әскери прокурордың жас өрендерге оқыған дәрісі әсер етеді.
2011 жылы Алматы қаласында Тұран университетінде Заңгер мамандығын оқып жүріп, Қапшағай қаласында, 35-ші гвардиялық десантты-шабуылдаушы бригадасында Отан алдындағы борышын өтейді. Десанттық әскер қатарында жауынгерлік тапсырмаларды бұлжытпай орындап, парашютпен секіруден де тайынбаған. Үздік көрсеткіштері үшін Десанттық шабуылдаушы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор А.Д.Джумакеевтің алғыс хатына ие болып, кіші сержант әскери лауазымын алған.
Сонымен қатар, Ауғаныстанда совет күштерінің арнайы мақсаттағы тобын басқарған «қара майор» лақап атымен әйгілі Б.Керімбаевтан әскери қызметке қадам басу жолында, ақ батасын алған азамат.
Мағжанның болашақтағы арманы – үлгілі отбасын құру.