АЙДОСТЫҢ АЛАР АСУЫ АЛДА
Елбасы қазан айының басында жолдаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Қазіргі таңда қоғамда жалындап тұрған жастар көп. Ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деп келешек жастарға артқан сенімін бүгінде ақтап жүрген жастар жетерлік.
Қатарынан оза шауып, көшбасшы жастардың қатарында Жалағаш ауданы, Бұқарбай ауылынан шыққан Айдос Қожамұратов та бой көрсетіп жүр.
Ол жыл басынан бері «Туған жерім, тірегім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып қызмет етеді. Бұған дейін бірқатар мемлекеттік мекемелерде жастар саясатының жүргізілуіне атсалысып жұмыс жасаған. Айдос Қожамұратов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық «Жомарт жүрек» байқауының Жалағаш ауданы бойынша «Ерен еріктілік» номинациясының иегері.
Айдос Қожамұратов жастар арасында елімізде жеке кәсіпті қалай ашуға болады, кәсіпкер болу үшін не қажет деген секілді сан сауалға жауап тауып, жастарды кәсіпкерлік саласына бет бұруына мұрындық болып келеді. Сонымен қатар атаулы даталар кезінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, жастарды жұмылдыра біледі. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік жастар саясатын дамытуда белсенділік танытып, волонтерлік қызметтерге белсенді қатысуда. Еліміздің өркендеуі мен аймағымыздың дамуына қосқан сүбелі үлесі және өз саласында жетістіктерге жетіп, белсенді жұмыс жасағаны үшін Қызылорда облысы жастарына арналған «Сыр үміті» сыйлығының иегері. Сонымен қатар республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының және медалінің иегері.
Жаста болса бас болып жүрген Айдос Қожамұратовтың ел үшін етер еңбегі әлі алда. Оның әлі талай асулардан асарына сенеміз.