Елбасы шешімінің "Ергенеқон" аңызымен байланысы бар ма?!
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылданғанда көне заманнан жеткен «Ергенеқон» аңызы есіме түсті. Арасында ұқсастық бар секілді көрінді.
"Ергенеқон" аңызы
Көне аңыз-әпсаналардың айтуына қарағанда, түрік халықтары өте ерте замандарда қатты шапқыншылыққа ұшырапты. Былайша қарсы келгеннің бетін қайтара алатындай күшті болғанмен, күллі жаулары бірігіп келіп жан жақтан қыспаққа алғанда тойтарыс бере алмапты. Содан анталаған жаудан қашып отырып, бір таудың аңғарына келіп тығылады. Қырылып, жойылып жүріп аз қалса да, аман қалғаны үлкен олжа. Сол жан сауғалаған жері – айналасы тау, ортасы жазық «Ергенеқон» деген жер екен.
Тәңірдің жарылқауы, ол жердің шөбі шүйгін, оты мол, суы тұщы болып шығады. Сол жерде бабаларымыз біраз уақыт тыныш та, берекелі ғұмыр кешіп, ес жиып, еңсесін тіктеп, сан жағынан көбейеді. Сол кездерде таудың аңғарына сыймай бастаған олар «Ергенеқоннан» жазыққа шығамыз деген шешім қабылдайды. Шығайын десе, өткел де, шығар жол да таппайды. Әрі іздейді, бері іздейді, амалдары таусылады. Сонда темірден түйін түйетін бір бақыршы «таудың бір жерінде темірдің қоры бар. Соны балқытсақ, тауды тесіп өтуге болады» деп ақыл айтады. Барлығы бір ауыз сөзге тоқтап, әлгі темір ұстаның айтуы бойынша темірді ерітіп, жазыққа шығады. Сол сәтте көкжал бөрідей бір қайраткер тұлға көш бастаса керек. Содан бастап бабаларымыз жаңаша өмір бастап, жаңа дәуірге аяқ басыпты-мыс. Әлемге ықпал ететіндей қуатты елге айналады. «Ергенеқоннан» шыққан уақыты наурыз айының 9-21 аралығы екен дейді көне аңыздар. Кейін бұл уақыт бабаларымыз үшін мерекеге айналып, той тойлайтын болған. Наурыз мейрамының түбі осында жатса керек.
Елбасы
Біз де кеше ғана отарланып, жазықсыз айдалып, сұраусыз атылдық. Диірменнен бүтін шыққан дән секілді бір Алланың жарылқауымен аман қалдық. Әлгі «Ергенеқон» секілді аядай ғана тәуелсіз мемлекетімізге қол жеткізіп, суы тұщы, шөбі шүйгін, оты мол, тыныш елде берекелі ғұмырды бастан өткердік. Елбасымыз тәуелсіздік алған күннен бері елдің тыныштығын, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын бірінші орынға қойды емес пе?! Шүкір, бүгінде ел еңсесін тіктеп, есін жиды. Енді жазыққа, яғни әлемдік аренаға шығамыз дегенде де Теміртауда металург (бақыршы) болған Елбасымыз ақылшы болды. Темірден қатты талай жүректерді балқытып, жаңадан жол салды. Халқын бақытқа қауыштырды. Жасалған тарихи шешімнің де уақыты наурыздың 19-ына кеп тұр. Мүмкін бір сәйкестік секілді көрінуі мүмкін. Дегенмен, жақсылықтың нышаны. Енді көкжал бөрідей жол бастап, жаңа дәуірге аяқ басуды жазсын Алла! Алда қазақтың жарқын болашағы күтіп тұрғандай көрінеді маған.
Бекарыс НҰРИМАН,
Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының
бөлім басшысы