Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Бала алмасқан бауырлар

Бала алмасқан бауырлар

"Атасы бөлек – аттан түс!.." деп, бесіктегі баласына бұрылмай, бауырын мінгестіре жаудан қашқан кешегі бабалар рухын жаңғыртқан жандар арамызда бар екен.

Өткеннің ісі – өнеге
Жоқшылықта бір-бірінен көз жазбауға жан салған алдыңғы буынның жанкешті қаракетін, бүгінгідей тоқшылық заманда өмір сүріп жатқан біздер жасай алар ма едік деген сұрақтың туындауы орынды. Көпшілік қалыс қалғанмен, аракідік әулет бірлігі үшін бала алмасқан жандар бар екен.
Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ халқын теңселткен сан-алуан қақтығысымен басталған қасірет Сталин өмірден өткенше жалғасқаны аян. 1916 жыл Ресей ақ патшасының қазақ жастарын жаппай әскерге алуымен басталып, қажырлы қазақ жастары шілдің қиындай әр қиянға шашырады.
Жат елге ақ патша үшін қан төгуге айдалған ағаларымыз зар илей "Самалтау"-ды күңірете шырқаған жылдар, бодандықтың қыларқаны шымбайға шырқырата батқан алғашқы ақтаңдақ боп ұлт жадына жазылды. Таңқаларлығы бәлшебек партиясының саяси құйтырқысы патша қастандығынан асып түспесе, кемге түспеді.
Таптық күресті бетке тұтқан бәлшебектің саясаты қазақ жерін жайлап жатты. Коммунистер саны күрт өсіп, қызыл террорға қызмет еткенін өздері де байқамай қалды. Кінәлауға болмас. Өйткен,і олар коммунистік партия теңдік, бостандық әперді деп сенді. Әлбетте, кей тұста коммунистік кезеңнің оң ықпалының болғанын да ұмытылмағаны жөн.
Бас кейіпкеріміз Сағатбек – колхоз бастығы болған екен. Көзін көргендердің айтуынша уәлияттағы санаулы коммунистердің бірі болыпты. Бала күнінен жаңалыққа жаны құмар болған ол коммунистік партияға алғашқылардың бірі болып кіреді.
Коммунистік қызметке адал Сағатбек бірнеше рет үйленгенімен арада бала болмай, қасірет кешеді. Жасы бірәзға келгенде бұрынғы күйеуінен бір қызы бар Айғанымға үйленеді. Әйелінің артынан еріп келген қызы Гүлбаршынды өз қызындай бауырына басады. Қанша еміренсе де Сағатбекке Құдай тағы бірәз жыл перзент көрсетпей қинайды.
Отызыншы жылдардағы жұттан аштық пен жоқтықтан босып, көшеде қараусыз қалған жетім балаларды партия ашқан жетімқанаға қойша тоғытып жатқан кез. Бірнеше жетімді балалар үйіне өткізбекке алып кетіп бара жатқан жауапты қызметкердің қолындағы қаракөз балаға көрген Сағатбектің жүрегі шым ете қалады.

Тегіне тиіспеген мәрттік
"Мына баланы мен алайын" деп, әлгі баланы асырап алады. Баланың атын, тегін сол күйі қалдырады. "Мен бағып-қағып, өсіріп, бір жетімді адам қатарына қоссам болды. Өз тегімді беріп обал жасамаймын" деп шешеді.
Сағатбек пен Айғаным Ринатқа ұлтының басқа екенін жасырмай айтады. Есепсіз мейірім мен адалдық еленбей қалмақ емес. Адалдықты Жаратқан иемнің көрмей қалмайтынына сенсек, арамдық атаулы адамзаттан алыс болар еді-ау?..
Өзге ұлттың ұрпағын өз ұлындай бауырға басқанын Құдай көріп, Ринаттан соң көп ұзамай Айғаным жүкті болады, 1930 жылы шекесі торсықтай ұл туады. Бір перзентке зар болған Сағатбектің қуанышы қойнына симай, ұлының атын Қуантай деп қояды.

Бақыттың құлпы ашылады
Қуантайдың соңынан Әміртай, Мейіртай, Замира есімді ұл-қыз ереді. Айғанымның соңынан еріп келген қызы Гүлбаршын мен асыранды ұл Ринат есейіп, етек жапқан кез болатын. Кенжелері енді еңбектей бастаған кезде, Сағатбек дүниеден өтеді.
Шиттей баламен қалған Айғанымға күйеуінің қазасы ауыр тиеді. Ел еңсесін толық көтеріп болмаған кезеңде бір етек баламен жесір қалған Айғаным ұзатылған қызы Гүлбаршынға кенжесі Мейіртайды қосақтап беріп жібереді.
Есейіп қалған Ринат қасына Қуантайды ертіп, қалаға кәсіп іздеп кетеді. Айтуға ауыз бармағанымен, қаны бөлектің – жаны бөлек болары Ринаттың соңынан ерген бауырларына бұрылмауынан қылаң беріп қалады екен.

Қиындыққа мойымаған Қуантай
Әулеттің тұңғышы Қуантайдың өміртарихы осы кезеңнен басталады. Қалада жүріп Сәлима есімді қызбен көңіл жарастырады. Ұрпағының тілеуін тілеп отырған Айғаным ана Қуантайдың үйленгенін көрген жылы дүние салады.
Ендігі жерде әулеттің бар тауқыметі Қуантайдың арқасына артылады. Анасынан айырылғаны бір жақтан болса, Ринат ағасы қалаға кеткен бойы хабарсыз ғайып болып, екінш жақтан жанына батады. Қанша қиын тұрмыс болса да, қуаныш пен қайғыны бөлісетін қазақтың дарқан мінезінің жоғалмай тұрған кезі.
Әкесінің көзін көрген ауыл ақсақалының бірі, анасын жерлеп келіп, қабырғасы қайысып отырған Қуантайға: "Жан-жақта жүріп жетілгендер өсе келе бір-біріне суып кетеді. Ринат ағаң орыстанып кетті білем. Екі ініңе қандай әйел жолығарын кім білсін.
Екеуін екі жаққа көкпарша тартып алып кете ме деп қауіптенемін. Ақылымды тыңда. Қандай қиын болса да, ертең екі інің үйленген соң, міндетті түрде өзіңнің бір-бір перзентіңді соларға еншілеп бер. Інілеріңнің бір-бір перзентін өз бауырыңа бас.
Бауырлар арасындағы татулықты, ауызбіршілікті сонда ғана сақтап қаласың. Әйтпесе, жан-жақта жүріп жетіліп, бір-біріңді танымай кетулерің мүмкін" деп ақыл айтады. Қуантайға мына ақыл ауыр тигенімен, ұзақ уақыт: "Қалай болар екен?.." деген ойдың шырмауында жүреді.
Жылдар жылжып өтеді. Жалғыз қарындасы Замираны ел қатарлы күйеуге ұзатады. Өзі 2 ұл, 3 қызды болады. Гүлбаршын әпкесінің қолындағы кенже інісін қолына алады. Уақыт шіркін бір орнында тұрсын ба?! Қос інісін де үйлендіріп, енші беріп, өз алдына отау қылады.

Ақылды жан әулетті сақтайды
Інілері балалы болғанда "келінге бала бағуға қолғабыс етсін" деп өзінің екі қызын екі інісіне енші бала етіп береді. Екі інісінің тұңғыштары 4-5 жасқа келіп, екінші перзентті болады. Сол кезде екі інісінің тұңғыштарын өз бауырына басып, ұл-қыз етеді.
Талай жыл өтсе де баяғы әкесінің көзін көрген көнекөз қарияның ақылын тыңдап, жүзеге асырудың арқасында қиналып жетілген бауырлардың бірлігін, татулығын сақтап қалады. Еркектің ойын жүзеге асыруы үшін қосағының парасатты болуы аса маңызды. Әйелсіз іс оңсын ба?
Қуантайдың жары Сәлиманың кең пейілділігі, күйеуінің мақсатына қарсы келмеуінің арқасында әулет сақталып қалады. Жаратқан иемнің: "Жетімнің тілегін алдымен орындаймын" дегені шашау шықпай орындалып, екі інісінің әйелдері де оңынан келгені алға қойған мақсаттың дөңгелене кетуіне себін тигізеді.
Екі келін қайынағасының шешіміне қарсы келмейді. Қайынағасын қайыната орнына санап, құрметтейді. Еншілеп берген қайынсіңілдерін өз қыздарындай бауырға басып, балапандай баптап, тәрбиелейді. Еншілес жеңгелерінен мейірім көрген ұл мен қыз, өз аналарындай бауыр басып кетеді.
"Абысын тату болса, ас көп" демекші, абысындардың татулығының арқасында әулет – тамыры терең бойлаған алып бәйтерекке айналды. Ағайын татулығына абысындардың татулығы қосылып, мызғымас әулеттің бірлігі бүгінде айналаға өнегеге айналады.
Қайынағасына мойынсұнып, қайынатасындай иілген келіндердің мейірімінің дәлеліндей боп қайынтасының бауырында өскен ұл мен қызды: "атасының қызы", "атасының баласы" деуінде шынайы кең пейіл, адал жүрек, терең пайым жатыр.
Бүгінде үш бауырдан тараған ұл-қыздар бір үйдің баласындай тату. Санасу дегенді білмейді. Бір қызығы, әр отбасында өскен еншілестердің мінездері сол үйдегі жеңгелерімен мінездес боп өседі. Бас қосқан жерде әрқайсы еншілес жеңгесін өз анасынша қызғыштай қорып, перзенттік махаббатқа бөлеуі, қоғамдағы қатыгездіктің мұзтауын еріткендей.
"Туған емес,тәрбиелеген – ата-ана" деген осындайдан айтылса керек. Ауызбіршілігі жарасқан әулеттің екінші буыны жетіліп, той-томалақ көбейген сайын ара-қатынас жымдаса түседі. Тату-тәтті әулеттің ұрпағы жиын-тойды былай қойып, ай сайын бас қосу ұйымдастырады.

Құдайдан кейінгі жақындар
Бірде әулеттегі үлкен қыз әкесіне: "Сіздің қаракетіңіздің арқасында бір-бірімізбен тату болдық" дегенде, – "Менің ол әрекетімді ешкімге айтушы болмаңдар. Бауырлардың бала-шағасы онсыз да тату болуға тиісті. Қандарың бір. Құдайдан кейінгі жақынсыңдар" деп, тиып тастайды.
Қос-қостан машина, үйі, фирмасы бола тұра бір-бірін атарға оғы жоқ ағайындар саны өкінішке орай белең алуда. Байлықты бөлісе алмады дерсіз. Ал, еш байлықсыз да татулығы тұздай болған бауырлар қаншама.
Тіптен, көз тірісінде көріспей кеткен бауырлар да баршылық. Неліктен? Құдайға шүкір, аштық жоқ. Әркім өз тіршілігін ұршықша иіріп отыр. Бірақ, ағайын арасындағы татулық қайта оралмас керуенге еріп кеткендей.
Ағайын тату болса, алынбайтын қамалдың жоғын дәлелдеген әулеттің өнегесі дүйім қазаққа жұғысты болғай!..

Сая ҚАСЫМБЕК


29 мамыр 2019 ж. 650 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области