КҮЙ ОЙНАЙДЫ ҚЫЗЫЛОРДАМНЫҢ КӨГІНДЕ

Бүгін «Ана мен бала» орталығында, Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияда және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің №1 оқу ғимаратында «Домбыра Fest» домбырашылар шеберлік сағаты өтті. Шараны «Қолөнер» ұлттық дүкені, «Ұшқын» қоғамдық бірлестігінің демеушілігімен облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы ұйымдастырды.
Шара барысында мектеп жасындағы балалар мен студенттердің қатысуымен Қызылорда қаласындағы бірқатар мектептер мен колледждерде, ЖОО-да үзіліс кезінде ұлттық күйлер мен Сыр сүлейлерінің жырлары орындалды.
Ұлттық бірегейлікті айқындайтын тәрбиенің оң ықпалын насихаттауды мақсат тұтқан шарада ұлттық байлығымыз саналатын домбыра жаңа туған сәбилерге тарту етілді.
- Жаңа туған сәбиге домбыра сыйлау арқылы ата-бабадан мирас болған ұлттық құндылықты ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру, бала тәрбиесінде домбыраның маңызы артады. Домбыра – қазақ халқының өте ерте және кең тараған, нағыз табиғи ұлттық музыкалық аспабы. Осы шара арқылы сан ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып келе жатқан домбыраның қасиетін жастарға түсіндіре отырып, ұлттық аспапта ойнауды кеңінен насихаттауды жөн көрдік, - дейді облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас.
Айта кетейік, шараға Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің домбырашы студенттері мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жыршылары қатысты.




