ҚЫЗЫЛОРДАДА ТАНЫМДЫҚ ТЕЛЕВИЗИЯЛЫҚ ЖОБАНЫҢ АЙМАҚТЫҚ КЕЗЕҢІ ӨТЕДІ
Қызылордада 21 қазан күні «Енші» зияткерлік-танымдық телевизиялық жобасының аймақтық кезеңі өтеді. Іріктеу облыс орталығындағы №101 мектеп-лицейде сағат 10:00-де басталады. Жобаға 10-11 сынып оқушылары мен 1-2 курс студенттері қатыса алады.
Бағдарлама ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының бастамасымен қолға алынған.
Бағдарлама еліміздің ең білімді жасын анықтауға бағытталған. Төрт кезеңді қамтитын сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 48 қатысушы іріктеліп алынады. Білгірлер бәсекесінде қойылатын сұрақтардың дені тарих, мәдениет, әдебиет пен салт-дәстүрге негізделген.
Айта кетейік, іріктеу кезеңі екі бөлімнен тұрады. Қатысушы 3-блокқа бөлінген тапсырмаларды орындайды. Алғашқы блокта берілген 10 сауалдың бір ғана нұсқасы дұрыс болса, екінші блокта сұрақтардың бірнеше жауабы беріледі. Ал үшінші блокта ұзын-саны жиырма сауалдың ешбір нұсқасы ұсынылмастан, жазбаша түрде алынады. Тестілеуден жоғары ұпай жинағандар екінші кезеңде ауызша сауалдарға жауап береді.