УКРАИНАЛЫҚ ПРОФЕССОР:ҚЫЗЫЛОРДА ПАРИЖДЕН КӨШ ІЛГЕРІ ЕКЕН
Украиналық композитор, профессор әрі мәдениеттанушы Игорь Мациевский жуырда Қызылордаға барып, өзінің таңданысын жасыра алмады. Ол бұл қаланың лас әрі тозып кеткен Парижден де артық екенін айтты деп хабарлайды NUR.KZ.
Игорь Мациевскийдің айтуынша, ол қазақ халқының музыкасы мен халық аспаптарын зерттей жүріп, Қазақстан жанына жақын екенін аңғарыпты. Қазақстаннан келген бірнеше аспирант мен докторантқа жетекшілік етіп, "Олжас Сүлейменовтің кітабы негізінде "Аз и Я" симфониялық-концертін жазған.
Ал жақында ол Қорқыт атаға арналған конференцияға қатысу үшін Қызылордаға келді. Қаланы көрген мәдениеттанушы қатты таңғалып, оның тіпті Парижден де көрікті екенін айтты.
"Мен жуырда Қызылордаға барып, қуанып қалдым. Бұл Қазақстанның даму жолы дұрыс бағытта екенін айғақтайды. Қызылорда Парижден де көрікті болып көрінеді. Бұл - шындық.
Адамдар тәртіп мен мәдениеттілікті сақтап, тазалыққа үлкен мән береді екен. Жол да Германиядағы секілді керемет, бұл жағынан қала француздардан көш ілгері тұр", - дейді ол.
Мәдениет пен өнер тұрғысынан алғанда Париждің кереметтілігіне сөз жоқ екенін растаған композитор Қызылорданың бәрібір де одан артық екенін айтуда.
"Париж азып-тозып тұр, ондағы көшелер лас, адамдар қалай болса солай жолдан өтіп жүре береді.
Ал Қызылордада ол жағы мінсіз. Бұл - мәдениеттің белгісі", - дейді Мациевский.
Мәдениеттанушы қазақ тілінің маңызы артып келе жатқанына қатты қуанған.
"Кезінде қазақ тілінің тағдыры мені қатты мазалайтын. Әсіресе, қаладағы зиялы қауым өз тілін жетік білмейтін. Ал қазір конференциядағы барлық баяндамалар қазақ тіліне аударылып отырды", - дейді ол.
Сонымен қатар профессор қызылордалықтардың мінезі де тамаша екенін алға тартты.