ГРУЗИЯДА ҰШАҚ ІШІНЕН БАЛАБАҚША АШЫЛҒАН
Тың идея әрі тосын жобаны бірнеше жыл бұрын профессор Гари Чапидзе ойлап тапқан екен. Осылайша қолданыстан шығарылған ЯК-40 ұшағы балаларға арналған елден ерек кешенге айналды.
Грузияның Рустави қаласында ескі ұшаққа ерекше қолданыс тапқан. Есептен шығарылған ЯК-40 енді балабақша ретінде пайдалануға берілді. Бұл идея профессор Гари Чапидзеге шет елге шыққан кезекті саяхатында келген.
Гари Чапидзе, идея авторы:
- Менің балам ұшаққа алғаш рет отырғанда таңқалғаны соншалық, пилоттың кабинасын көргісі келді. Ұлымның бетін қайтармай, ұшқыштан рұқсатын алдық. Оның қызығушылығын көрсеңіздер. Қатты қуанды. Содан маған «Менің ұлыма қатты ұнаса, демек басқа балалар да ұшақта ойнауға қызығушылық танытар еді» деген ой келді. Нәтижесінде осындай ерекше жоба дайындауға шешім қабылдадым.
Жекеменшік балабақшада тәрбиеленушілер саны аз. Бір топта – 15 бала. Кестеде әр сағат жоспарланып қойған. Алдымен таңғы ас, сабақ, ұйқы. Содан соң ұшақтағы ойын. Мұнда тұтқаларды ауыстырып, тізгінді бұрауға, құлаққап киюге және борттық жүйені тексеруге болады. Сондай-ақ балабақша педагогтары да жұмысына ерекше ынта-жігермен қарайды.
Шорена Астамадзе, балабақша тәрбиешісі:
- Біздің балаларымыз балабақшаға келгенді өте қатты ұнатады. Негізі көп жағдайда балаларды ата-аналары келіп үйлеріне алып кеткенде қуанатыны белгілі. Тек біздің мекемеде барлығы керісінше. Олар өзінің ойынға қызыққаны соншалық, қайтқысы келмейді.
Балалардың күлкісіне, көтеріңкі көңіл-күйлеріне қарап ұшақтағы ойынға тәнті екенін көруге болады. «Осы арқылы тәрбиеленушілер ұшаққа міну қорқынышын да жеңеді», – дейді балабақша директоры. Тіпті балалардың болашағын осы саламен не мамандықпен байланыстыруы ғажап емес екендігін де атап өтті.