Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ӘЙЕЛДЕР МЕЙРАМЫНА ОРАЙ СЫЙЛЫҚ ТАНДАУҒА БІРНЕШЕ КЕНЕС

ӘЙЕЛДЕР МЕЙРАМЫНА ОРАЙ СЫЙЛЫҚ ТАНДАУҒА БІРНЕШЕ КЕНЕС


Көктемнің келуі шуақты ауа райымен қуантуымен қатар, әр әйелді ерекше сезімге бөлейді. Әйелдерді тек 8 наурызда емес, басқа да күндері қуантып, назар аударып тұру керек. Бірақ, әйелдер 8 наурызды ерекше күтетіні рас. Ол күні анаңызға, апа-сіңліңізге, құрбыңызға және жарыңызға қандай сыйлық аларыңызды білмесеңіз, біз ұсынған идеяларға көз салыңыз.
Концерт билеті
Сүйікті әншісінің концертіне бару – тағы бір орындалған арман болуы мүмкін. Сондықтан, 8 наурызға арнайы ұйымдастырылған концертке немесе әншінің жеке концертіне билет алуыңызға болады. Тек концертке емес, театрға барғанды ұнататын адамға театрға немесе опера, аспаптық музыка концертіне билет болуы мүмкін.
Корей косметикасы
Қазір корей косметикасы сәнге айналып жатыр. Себебі, бұл косметиканың сапасы жоғары және кез келген тері типіне сай келеді. Сондықтан, тері күтіміне аса мән беретін әйелдерге корей косметикасын алып беруге болады.
Шығармашылық мастер-класс
Қазір тамақ пісіруді, соның ішінде дәмді торттар пісіруді, сурет салуды, қолдан бұйым жасауды, тігуді үйрететін және қосымша сырларымен бөлісетін аз күндік мастер-класстар көптеп жүргізіледі. Егер жақыныңыздың қандай да бір шығармашылық саласына қызығып жүргенін естісеңіз, оған сыйлыққа мастер-кластан орын алғаныңызды айтуға болады.
Әшекей
Әшекей таққанды ұнататын әйелдер де көп. Әшекейдің қазір қазақша нақыштағы түрлері сәнге келуде. Бұрынғыдай тек мерекеге емес, қазір оларды күнделікті өмірде де тағып жүреді. Сонымен қатар, қазақша нақыштағы әшекейлер заманауи етіп жасалып, олардың өте ерекше түрлері көптеп кездеседі.
Тәттілер
Әйелдердің көпшілігі тәтті пісірмелерді жақсы көреді. Ол торт, макаронс, шоколадтар болуы мүмкін. Оларды қолдан жасауға немесе сатып алуға да болады. Қолдан жасалған сыйлық әрдайым ыстық екенін ұмытпаңыз. Егер сатып алсаңыз, қазір әріппен жазылған тәтті пісірмелер бар. Мысалы, анаңызға «Ана, сізді жақсы көремін» деп жаздыруға да болады. Сүйіктіңізге жүрек пішінде жасалған тәттілер бар.
Қобдиша
Қазір әшекей, шарф, косметикалық құралдар және сол секілді заттарды жинайтын қобдишалар көп. Олар заттардың жинақы әрі бір жерде тұруына ыңғайлы болып келеді. Олардың шағын түрлерінен гөрі үлкен түрлерін алуға кеңес береміз.
Ас үй гаджеті
Егер сыйлық беретін адамыңыз тамақ пісіргенді ұнатса, ас үй ыдыстарын сататын дүкенге кіріп, қандай жаңа гаджеттер шыққанын қарауға болады. Ол көкөністерді кесетін ерекше пышақ, тәтті пісірмелер пісіретін өзгеше қалып немесе әдемі ыдыс болуы мүмкін. Мұндай дүкендерде ас үй ханшайымының жұмысын жеңілдететін гаджеттердің түрлері көп болады.
Сертификат
Сыйлығыңыз иесінің көңілінен шықпай қалады деп ойласаңыз, сыйлықты сертификат күйінде беруге болады. Қазір ондай қызметтер көп. Мысалы, сұлулық салондарында, косметикалық дүкендерде, жаттықтыру залдарында, кез келген курстар, яғни барлық дерлік қызмет көрсету орталықтарында немесе дүкендерде арнайы бағаға арналған сертификаттар сатады. Ол сертификатты алған адам сол орыннан не алса да, өзі біледі.
Фотосессия
Бүгінгі суреттерге болашақта қарап отырып, біраз нәрсені еске түсіріп, жымиып алатынымыз рас. Бірақ қазіргі кезде суреттің де қадірі кетіп бара жатқандай. Суретке түсіп, оны бұрынғыдай шығартып, альбомға салып қоятын адамдар саны аз. Олар сол түскен күйінде қалып қояды, бір күні суреттер кездейсоқ өшіп кетсе, оны қайтара алмайсыздар. Сондықтан жақыныңызға «отбасылық фотосессия» секілді сыйлық беруге болады. Ол суреттер дайын болған соң, оларды шығартып, бір альбомға салып берсеңіз, өте керемет сыйлықтың бірі болады.
Орамал
Орамал немесе шарф – әр әйелдің гардеробынан табылатын аксессуар және ол ешқашан көп болмайды. Әйелдер орамалдың немесе шарфтың қандай түрі болса да, қуана таға береді.
Гүл
Әйелдердің барлығы дерлік гүл алғанды ұнатады десек қателеспейміз. Ол кез келген гүлдер шоғы немесе құмырадағы бөлме гүлі де болуы мүмкін. Әйелдерге бір қызғалдақ берсеңіз де, қатты қуанатынын айта кетейік. Себебі, сыйлық алғанда олар оның бағасын сынап, түріне қарамайды. Олар үшін ең бастысы – сіздің зейініңіз, қамқорыңыз және ыстық сөздеріңіз.
Анаңызға немесе жарыңызға гүл ұсынып, оған деген сезіміңізді, оның өміріңіздегі маңызды рөлін айтып, шын жүректен құттықтап, бетінен сүйсеңіз, оған одан артық бағалы сыйлықтың керегі жоқ.
massaget

07 наурыз 2018 ж. 1 357 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области