Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ ӨЗЕГІ МЕН БІРҚАТАР СИПАТТАРЫ

ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ ӨЗЕГІ МЕН БІРҚАТАР СИПАТТАРЫ

«Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес», деп атап көрсетеді өзінің мақаласында Елбасы Н.Назарбаев.
  –Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты¬руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң¬ғыру¬ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады». Расында сана жаңғырмай, ісіміздің жаңашылдыққа бет бұруы, қазіргі талапқа сай болуы кешеуілдеуі мүмкін.  Осы орайда біздің халқымызға көп ілгерілеу қажеттігі түсінікті. Қазақ деген халық бар екенін кешеге дейін жер бетінің сонау бір қиырын мекен ететін кейбір ұлттар білмей де келді ғой? Бізді Ресейдің бір бөлігі санайтындар әлі де аз дейсіз бе? Өз тәуелсіздігін жариялағандығына жиырма жетінші жыл толғалы тұрған қазақ халқының ерекше қасиеттері аз да емес. Соның тек насихаты жеткіліксіз болар деп ойлаймын.
Қасым ханның дәуірінде (1511-1523) қазақ халқының саны 1 миллионнан астам еді, сонан бері де бақандай бес ғасыр асты. Қазір ойдағы-қырдағы исі қазақтың жалпы саны 18 млн-ға жуықтады деп жүр санақшылар. Өзіміз сөз етіп отырған мерзімнен бері әр ғасырда 5 млн-нан көбейгенде де 25 млн-нан асатын едік. Қайтерсің, тағдырдың сан соқпағы, ауыртпалықтары адымымызды аштырмайды. Содан да болар, қазақтың бірдің біліп, бірдің білмейтіндігі.
Қазақ дегенде... Ел дегенде... ат үстінен шіреніп, тартпаны үзердей керілгенімізде, әуелі жеріміздің кеңдігі әлем мемлекеттерінің арасындағы тоғызыншы орында екендігіміз ауызға ілінетін шығар. Сонан соң... қазба байлықтың басымдығы, мұнайдың молдығы, ауыл шаруашылығына қолайлылық, ғарышқа көтерілетін жер кіндігі – Байқоңыр.., иә, санамалай берсек, бірқыдыру сөз етерлік мақтанышымыз бар секілді.
Енді осыған кереғар жағдайға да назар аударып көрелікші. Алматыдағы бір танысымыздың үйінде болдық. Өзі әскери салада қызмет еткен жоғары шенді офицер болатын. Әйелі орыс тілді, еуропалық. Солардың кенже қызының өзін орыс санап, қазақтармен, яғни, туыстарымен бір дастарқанда қатар отырмайтын «кеселі» бар екен. Біздің де осындай келеңсіз жағдайдың үстінен шықпасымыз бар ма? Әлгі шолжаң стюардесса қыз жұрттан бөлектеніп, тамағын өз бөлмесіне алдырып ішті. Көкеміз бен жеңгеміз қанша жылылық танытқанымен әлгі оқиғадан ішіміздің мұздап сала бергені де рас. «Іштен шыққан бір шұбар жылан» дей салайын десең, осындайлардың қатары молайып бара ма деп қауіп ойлайсың, амалсыз. Әрине, өзін қазақ деп мақтанатындар ұлтымыздың тірегі, мемлекетіміздің керегесін кеңейтетіндер де солар. Ал өз қағынан жеріп, қарадай қашып жүргендерге қандай сенім артып береке табарсыз?
  Осындай-осындайларды ойлана келе қазақты өзгелерге дәріптеуіміз, жан-жақты насихаттауымыз кемшін-ау деген ойға келдім. Оның есесіне рулық бөлініс, жершілдік өріс алып тұрған жоқ па. Бір жазушы ағамыздың: «Алматыда бес-алты-ақ қазақ бармыз, өзгелері ана жүздің, мына жүздің жігіттері емес пе?» деген мысқылы еске түсіп, амалсыз езу тартасың. Бірақ езуіндегі күлкі емес, қынжылыс екені көрініп тұрады.
  Илья Эренбургтің «Қазақтар» деген әңгімесі бар. Сонан бір үзінді: «Бір фриц маған мынадай әңгіме айтты: «Соғыс кезінде сұмдық бір қорқынышты солдаттар бізге қарсы шабуылға шықты, олар бораған оқты елемей, бізді басып-жаншып өтетіндей атой салып келе жатты. Олардың қазақтар екендігін кейін барып естідім...» деп сүйсініс білдіреді.
  Иә, қазақтар жаужүрек! Кең сахараны қорғаған батырларымыздың ерлігі бізге мақтаныш! Дегенде, қандастарымыздың өзге де қасиеттерін неге сөз етпейміз, неге өзгелерден бұрын өзіміз біліп алмаймыз. Ділге, тілге деген құрмет сонда арта түспес пе еді. Тілге қатысты мәселе туындағанда қалаулыларымыздың өздері екі айырылып, түрлі көзқарастарда қалуы осындай мән бермеушіліктерден, бәлкім өз болмысымызды білмеуімізден кетіп отырған қателік шығар деп ойлаймын.
  Үлкен қала түгілі аудан орталықтарында баласын іргесіндегі қазақ мектебіне бермей, әрідегі орыс мектебіне сүйреп жүрген қазақтар әлі де кезігеді. Әлбетте, ол ата-ананың еркіндегі нәрсе, бірақ уақыт өте келе оның зиянды жағы, кереғарлығы бір күні тағы да алдан шығып жүрмей ме?!
  Қандастарымыз қашанда байсалды, қашанда сабыр сақтауды әдет қылған. Көңілдері де өзіміздің жазық даламыздай жазира. Л.Н.Гумилевтың «Этногенез және биосфера» кітабында адамдардың табиғи ортаға және олардың мекен ететін жер бедеріне сай мінез-құлқы, тіршілікке икемділігі қалыптасатыны туралы айтылады. Тау халықтарының мінезі де мекен еткен жері секілді шыңы мен құламалы құзы сияқтанып мың құбылады. Ондағы адамдар да жанжалға біртабан жақын, буырқанып тұрғаны. Іргедегі Тәжікстанды алыңыз, Кеңестік кеңістіктегі елдер ішінде қарсы күштердің қайта-қайта текетіресуі, оппозицияның әрекеті еместігін көрсетеді. Таулы Қарабақ оқиғаларын да осы жағдайға жатқызуға болады. Ингуш-шешендердің алагөзденіп, территориялық бөлініске баруы да мінез қызбалығына қатысты нәрселер.
  Өзбектердің Ферғана даласындағысы мен хиуалықтарының арасында бірсыпыра өзгешелік бар. Ал қазекемдер өз жеріне ұқсас, кең тыныстайды, көкжиегін алыстан іздейді. Осы тәріздес мәліметтермен Адольф Бастионның «Адам және тарих» атты еңбегінен танысуға болады. Біздің еліміздің айналадағы астан-кестеңнен аман болуы салқындылық пен төзімділіктен деп түсінуге болады. Мемлекетіміздің қалыптасу кезеңінде бұл өте қажетті артықшылығымыз. Қазақ болудан қашатын мәңгүрттер осындайымызды білмейді-ау.
  В.Коконецтің тәжірибесінде кей халықтардың есте сақтау қабілетінің сапасы тексеріледі. Сонда мағынасы біртектес сөздерді жаттатқызғанда қазақтар әуелгі кезде оны 53,4 пайызға, ал орыстар 62 пайызға меңгерген. Бұл іле-шала сұрағандығы жағдай. Осыдан соң біршама уақыт салып қайта байқап көргенде қазақтар 59,1 пайыздық қабілет танытқан. Ал бір аптадан соң баяғы сөздердің 55,6 пайызын қазақтар қайта айта алса, орыстар 47,1 пайызын ғана еске түсіре алған көрінеді. Бұдан шығатын қорытынды, қазақтарда есте сақтаудың ұзаққа созылатындығы, сондай-ақ, төзімділік белгісінің жоғарылығы. Яғни, қазақтарда «спринтерліктен» гөрі «стайерлік» қабілет басым болғаны.
  Ауа-райының ыстық-суығына бейімделуінде де қазақтарда баяу қалыптасу жүрсе, тез жеритін қасиетке ие. Мысалы, аязды күнде қазақтар жұмыс қабілетін 1249 кг/минутқа жеткізсе, еуропалықтарда 1202 кг\минут анықталған.
  Әскер қатарында өзімізде байқадық, жерлестеріміз 40-42 градус суықтықта шыдамдылық танытып, әскери жаттығуларды толық жасай алса, талай өңкейген кавказдықтың сорасы кеппей жүргенін де көргенбіз.
  Жасыратыны жоқ, жайбасарлығымыз да бар ғой, жапондықтар тәулігіне 5 сағат қана ұйықтап, 20-21 сағат жұмыс істейтін болса, бізде бұл қасиет керісінше де болып жатады. Төсекті қалыңдатып салып алып, теледидар алдын мекен ететін жастарымызды қалай көрмеген боламыз. Дегенде, бейнеткеш жапондықтарға бір ұқсастығымыз – белгілі жұмыс орнында шыдамдылық көрсетіп, сол жерде ұзақ жұмыс істей алу қабілетіміз болып табылады екен.
  Біздің ұлтымыздың кешке жатар орынға тоя тамақ ішуін медицина жиі сынға алады. Алайда, дәрігерлердің зерттеуінше, ет дегенде бет бар ма дейтін қазақтардың ет жеп жатуы олардың асқазандарына оншалықты зиян келтірмейтіндігін көрсетіпті. Кешке ет жеген қазақ ертесімен де сол табағын алдына алып, қаужаңдап отыра алады. Ал тәжірибеге қатысқан өзге ұлт өкілдері тоя ет жеген соң бірер күнге дейін асқа қарай алмай күпті болып жүретін көрінеді. Мұны зерттеушілер қазақтардың ағзасы майды тез сіңіретіндігіне тән деп бағалайтын көрінеді. Біздің кешкі «ашқарақтығымыз» осыған байланысты болса керек.
  Спорт өнері халықтың атын шығаратыны рас. Дегенде, көп елдердің өзіне тән, бейім спорт түрлері бар. Біздің қандастарымыз күрес, бокстан үнемі жақсы көрсеткішке жетіп келеді. Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айханов бастаған жеңісті жолды боксерлеріміз Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбрайымов, Бақыт Сәрсекбаев, Бақтяр Артаев, Данияр Елеусізов олимпиада алтынымен толықтырды. Күрес өнерінен де өрендеріміз зор жетістікке жетіп жүр. Ал футбол, волейбол секілді командалық ойындардан, жеңіл атлетикадан оншалықты айтар жетістігіміз жоқ. Өйткені, қандастарымыздың дене құрылысы, мінезі бұл спорт түрлеріне сай келе бермейтін көрінеді. Әрине, КСРО рекордын жаңартқан және 1966 жылы Еуропаның күміс жүлдегері атанған желаяқ Әмин Тұяқов мен 1960 жылы Рим олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қосановтың орны бөлек. Дегенде, олардың қатары сирек екенін тағы айтпасқа болмайды. Айтпақшы, Сыр бойының түлегі – гимнасшы Ернар Ерімбетов те сол бөлек жаратылғандардың бірі десек, жаңылыспаймыз.
Тағы бір қызық, тәжірибені ортаға салайық. Жоғары оқу орнын бір курста бітірген студенттердің арасынан 10 жылдан соң 16-сы мекеме басшысы дәрежесіне көтерілген екен. Олардың 14-і қазақ ұлтының өкілі. Ал 20 жылдан соң олардың 8-і жоғары дәрежелі маман атанып шықса, соның біреуі ғана біздің қандасымыз. Осыдан-ақ, ұлтымызда мамандықты терең игеруден гөрі қызметқұмарлық, дәрежеге ұмтылушылықтың бар екендігін білуге болар.
  Ал қонақжайлылығымыз, келген мейманға төрден орын ұсынып, сыбағасын беру тек біздің ұлтқа ғана тән. Үлкеннің алдын кесіп өтпей, жасы кішісінің сәлем беруі, «ағай, апай» деп құрмет көрсетуі, немесе үлкен кісіге «Сәке, Мәке» деп сыйластық танытуы бұл да өзіндік қазақи қасиеттер екендігі жасырын емес.
  Кеңестік кезеңдерде ауылдан барып, жоғары оқу орындарында орыс тілінде білім алған қазақ жастары алғашқы курстарда пәнін игере алмай қиналғанымен, жоғары курстарға жеткен соң орыс тілділермен теңесіп, тіпті олардан озық кеткен жағдайлары көптеп кездеседі. Бұл да өз ұлтымыздың ұзаққа шабатын жарамдылығын байқатса керек. Төтеннен келген нарық заманында да қандастарымыз аз-кем абдырап қалғанымен, бұл күндері сауда мен шағын кәсіпкерлікке төселгендігі аңғарылады.
Өркениеттілікпен ілесіп ғаламдасу процесі өмірімізге дендеп енді. Осы арада біздің ұлт есебінде өзгеге жұтылып кетпеуімізге жоғарыда сөз еткен қазақы қасиеттеріміз қызмет ететіндігіне сенгіміз келеді. Әрине, дәстүрдің озығын алып, тозығынан арылу қажеттігі Президентіміздің жоғарыда аталған айтулы мақаласында дәйекті түсіндірілген.
  Әлбетте, «Мәңгілік Ел» идеясын ұстанған қандастарымызға «ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» міндеттері тұрғандығы ақиқат.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
12 мамыр 2018 ж. 632 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области