ЕНДІ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МАҚСАТЫНДАҒЫ ЖЕРЛЕР ТЕК КОНКУРС АРҚЫЛЫ БЕРІЛЕДІ
Осы жылдың 4 мамырында ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңда қарастырылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қанат Нұрманов мәлімдеді.
Жалпы, конкурсқа шығарудың өзіндік ерекше тәртіптері белгіленген. Біріншіден, конкурсқа жер шығарылатын болса, міндетті түрде қоғамдық кеңестер, мемлекеттік емес ұйымдар, ұлттық палата өкілдерімен келісіледі.
Конкурсты өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін, жер комиссиясының құрамына енгізілетін қоғамдық кеңестен құрылған өкілдер, жер комиссиясы мүшелерінің жалпы санынан елу пайыздан кем болмауы тиіс.
- Егер бір инвестор ауылдық жерге нысан салғысы келсе, міндетті түрде ауыл тұрғындарының атынан сенім білдірген тұлғалармен, қоғамдық кеңес мүшелерімен кеңеседі. Келісім бермесе, жер конкурсқа шығарылмайды, - деді Қ.Нұрманов.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алудың шекті мөлшері белгіленеді. Айта кетейік, бұрын кез келген адам ауыл шаруашылығы жерлерін шектеусіз алуға мүмкіндігі бар болатын.
Тағы бір ескеретіні, өзгеріске енген заңда шетелдікке үйленген не тұрмыс құрған Қазақстан азаматына, шетелдік заңды тұлғаларға жер берілмейді.