АБЫЗ АДАМ АҚЫРЕТКЕ АТТАНДЫ
Соңғы сапар
Қазақтың қабырғасын қайыстырып, жүрегін ауыртқан, бауырын сыздатқан қаралы оқиға басына қалың қауым жиылды.
Тәуелсіз еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан қоғам және мемлекет қайраткері, ақиқаттың алдаспанындай болған азамат қоғамдағы турашылдығын қалай сақтаса, еңсесі еңкеймей, тізесі бүгілмей өмірден де тік қалпында өтті.
Кеше, облыстық Н.Бекежанов атындағы музыкалық-драма театрында С.Шаухамановты ақтық сапарға шығарып салуға арналған қаралы митинг болды.
Митингіні облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов ашып, «Көш бастайтын көсемің кім десе – Сейілбек ағаны көрсетер едік, сөз бастайтын шешенің кім десе – Сейілбек ағаны айтар едік, ел бірлігін сақтайтын биің кім десе – Сейілбек ағаны алға тартар едік» деген көңілқосымен көптің көкірегін бір қарып өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқыды.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Тоқаевтың, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Н.Нығматулиннің, Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықованың жеделхат жолдағандарынан хабардар етті.
Мұнан соң облыс әкімінің міндетін атқарушы Қ.Ысқақов сөз алып, іссапарда жүрген облыс басшысының көңіл қосын жеткізді. С.Шаухамановтың елге сіңірген еңбегі мен ақсақалдық, абыздық тұлғасына тоқталды. Әлем назарын Аралға аудару ісінде, экологиялық аймақтың әлеуметтік қорғалуы туралы заңның қабылдануында С.Шаухамановтың дара еңбегі бар екенін атады. «Ол Сыр халқының арқасүйер азаматы болды» дей келе, барша жұрттың қайғысына жұбату айтты.
Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткерлері – И.Адырбеков, В.А.Брынкин, ел басқару ісіндегі шәкірті Б.Қуандықов, республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Б.Мұқышев, ел ағасы Т.Маханов, т.б. кісілер көңіл қосын білдірді. Батыс аймақтағы бауырларымызды бастап келген Қ.Бекенов Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың жеделхатын оқып, асыл адамды алыстатып бара жатқан орны толмас қазаға ортақтасты.
Арқалы ақын Иран-Ғайып азалы жырын оқыды.
Сөйлеушілер мемлекетіміздің іргесін бекіте түсуде Елбасымыздың сенімді серігі болған С.Шаухамановтың ықпалы тиген, ырысқа айналған игі істерінің жалғаса беретініне сенім білдірді. Өмірінің соңғы жылдарында басқарған облыстық ардагерлер кеңесі республикаға өз тәжірибесін таратып, барша облыс қарттарына бейнетінің зейнетін көруге жол ашқанын айтты. Бірде-бір алқалы жиын, баталы астың Сейілбек ағасыз басталмайтынын еске түсіріп, сынды сыпайы, шынды жарқырата жеткізетін адами болмысын ұлықтады. Жоқтан бар жасап, бардың берекесін кіргізген азаматтың ел алдындағы еңбегін қайталанбас қасиеті деп таныды. Ақтық демі біткенше аттан түспей елдің ауызбіршілігін уағыз еткен абыз ақсақалды бір ғасырда бір туатын тау тұлға деп бағалады.
С.Шаухамановтың мүрдесі туған жері – Жаңақорған ауданындағы ата-баба бейітіне қойылды.
«Білгенге – абыз, білмегенге – аңыз» дегендей, С.Шаухаманов артына өлмес атын қалдырып бара жатқан тұлға. Оның бейнесі кейінгі күндерге аңыз болып жетіп, өнегесі ұрпақ өмірімен бірге жасай бермек.
СЕЙІЛБЕК ШАУХАМАНҰЛЫ
Сыр халқы ауыр қайғыға душар болды. 80 жасқа қараған шағында Сыр өңірінің дамуына өлшеусіз үлесін қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қызылорда облысының құрметті азаматы – Сейілбек Шаухаманұлы өмірден озды.
Қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, өзіне тән көркем мінезі, салиқалы ойы, тұшымды пікірімен танылып, туған елдің мәртебесі мен мерейі үшін адал қызмет жасаудың тәлімін, өнегелі өмірдің үлгісін көрсетті.
Ол еңбек жолын қатардағы инженерден бастап, лауазымды мемлекеттік қызметтер атқарды. Облыстың бірінші басшысы дәрежесіне дейін көтерілді.
Ширек ғасыр облысымыздың Шиелі, Тереңөзек, Жалағаш, Сырдария аудандарында комсомол, шаруашылық, Кеңес, партия органдарын абыроймен басқарып, адал қызмет етті.
Сегіз жылдан аса Талдықорған облыстық халық депутаттары атқару комитетінің төрағасы, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық Кеңестің төрағасы, облыс әкімшілігінің басшысы, облыс әкімі болып қызмет атқарды.
Ол Қызылорда облысын басқарған тұста Сыр топырағында 5 елдің – Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің басшылары бас қосып, Арал проблемасы туралы Халықаралық конференция өткізілді, Арал өңірі тұрғындарын әлеуметтік қорғау жөнінде заң қабылданды, облыста мұнай өндіру қолға алынып, түбегейлі жаңа өндірістік сала игеріліп, теледидар мен агро-инженерлер институты ашылды. Сонымен қатар, Сыр халқының денсаулық сақтау мәселесін оңтайландыру үшін диагностикалық-кеңес беру, емдеу орталығы және көпсалалы жаңа облыстық аурухана салынды.
Сейілбек Шаухаманұлы Қазақстан КП Орталық Комитетінде жауапты қызмет атқарып, ҚР Көші-қон және демография агенттігінде басшылық қызмет атқарды.
Ол КОКП мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеттерінің мүшелігіне сайланған, ХІ және ХІІ шақырылған Қазақ КСР Жоғары Кеңесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды.
Тәуелсіз Қазақтанның дамуы жолындағы және мемлекеттік қызметтегі еселі еңбектері мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында «Құрмет» орденімен, 2009 жылы «Парасат» орденімен наградталды.
Қазақстан мен Өзбекстанның Құрмет грамоталарымен марапатталып, Хорезмнің, Қызылорда және Алматы облыстарының, Арал, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарының құрметті азаматы, Жаңақорған ауданының «Ғасыр адамы» атанды.
Құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланып, қоғам өміріне белсене атсалысты.
Сыр елінің аяулы перзенті, ғибратты ғұмыр иесі Сейілбек Шаухаманұлының өнегелі қызмет жолы, жасаған еңбегі мен жарқын бейнесі ел жадында ұзақ сақталатын болады.
Қызылорда облысының
әкімдігі мен мәслихаты,
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, облыстық қоғамдық
және ардагерлер кеңестері.
АЛЛАҒА РИЗАМЫН, АДАЛ ДОС ТАПҚАНЫМА!
Сыр елі орны толмас төл баласынан, перзентінен ойда жоқта айырылып қалды. Өкініште қалдық. Кім де болса бұл әлемде өзінің жолы бар, тағдыры бар. Сәкең шоқтығы биік, аңыз адам болатын. Өмір жолында өзіне лайық орын алды. Облыс халқына қадірлі, республика жұртшылығына танымал, өресі биік, мәртебесі жоғары болды.
Арсыз ажал кімді жылатпаған, Сәкең қай ортада болса да халықтың ыстық ықыасына бөленіп, ел ағасы атанды. Тағдыр мені осындай жайсаң, текті азаматқа дос қылды. Аллаға ризамын, адал дос тапқаныма. Ағайын, адам өлгенменен өзін көргендердің көңілінде мол уақыт сақталатын адамдар болады. Міне, соның бірегейі осы Сәкең деп мен айта аламын. Адам егер өткен жолымен, еңбегімен бағаланатын болса, онда Сәкеңнің өткен өмір жолы, істеген іргелі істері елінің сүйген жаны деп айтар едім. Қазақта мақал бар, «Мың қарға тең келмейді бір сұңқарға, мың жылқы тең келмейді бір тұлпарға» деген. Міне, осы теңеуді мен Сәкеңе арнаймын. Кеше ғана Ыдырыс ағамыздың жылдық асында Сәкең мынадай сөз айтқан болатын.
«Ыдеке, сіздің өміріңіз де өнеге, өлігіңіз де өнеге!» Мен бүгін сол сөзді Сәкеңнің өзіне қайталағым келіп тұр. «Сәке, сіздің өміріңіз де өнеге, өлігіңіз де өнеге болып жатыр. Иә, Сәке, бүгін халқың, жұртың жапырылып мәңгілік сапарға шығарып салуға келіп жатыр. Риза болыңыз! Иманыңыз жолдас болсын, жатқан жеріңіз жарық болсын, қайран Сәкем!»
Тұрғанбай МАХАНҰЛЫ,
қоғам қайраткері.
ОЛ НАҒЫЗ ДҰРЫС АДАМ БОЛДЫ
Бүгін Қызылорда халқын қайғылы жағдай біріктіріп тұр. Біздің досымызды, жолдасымызды, ұзақ еңбек және достық жолын бірге өткізген менің бұрынғы басшымды ажал арамыздан алып кетіп отыр. Осы бір ғажайып өлкеге есімі кеңінен танымал адам дүниеден озып отыр. Оның қасында мыңдаған адам өсіп шығып, Қызылорданың қоғамдық өмірінде өз орындарын тапты. Сейілбек Шаухаманұлы өзінің жанындағы адамдардың өмірі мен жұмысын дұрыс ұйымдастыра алатын, мінезі өте ғажайып адам болды. Жасырмаймын, бірге жұмыс істеген барлық жылдары мен ол кісінің маған және мен басқарған ұжымға берген тапсырмалардың барлығын да жоғары көңіл күймен орындадық. Өйткені, ол нағыз дұрыс адам болды. Мұндай адам тек бір аймақтың ғана ұлы болып қалмақ емес.
Бүгінгі қайғы Қазақстанда және Қазақстаннан тыс жерде тұрып жатқан оның шәкірттері мен осы өлкеде жұмыс істеген көптеген адамдардың жүрегі мен жан дүниесіне ауыр мұң салып отырғанына мен өте сенімдімін. Сейілбек Шаухаманұлы Қазақстанның болашағына жол салған азғантай ғана адамдардың тобына жатады. Ол облыстық әкімшіліктердің алғашқы бірінші басшыларының және алғашқы облыс әкімдерінің қатарына жатады. Ол өмірінің соңғы күніне дейін өзін қоршаған адамдардың моральдық-эстетикалық, моральді-этикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін барлық білімін, күш-қуатын аямастан еңбек етті. Мен Сейілбек Шаухамановпен бірге болғанымды мақтан етемін, қадір тұтамын. Екі күндей ғана бұрын онымен бірге болдық, қоштасып тұрып бір-бірімізді құшағымызға алдық, бірақ оның соңғы рет болып тұрғанын білген жоқпыз.
Мәңгілік мекеніне аттандырар сәтте осы бір тамаша жанға жатқан жерің жайлы болсын демекпін. Оның есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталатын болады.
Виталий БРЫНКИН,
мемлекет және қоғам қайраткері.
Қызылорда облысы атқару комитетінің
төрағасы қызметін атқарған.
КІСІЛІГІ ДЕ, КІШІЛІГІ ДЕ ДАРА ЕДІ
Республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің атынан қабырғамыз қайысып, отбасына көңіл айтамыз. Кісілігі де, кішілігі де дара азамат еді. Сейілбек секілді азамат бір ғасырда бір туады. Ол кісі қоғамға, отбасына, барлығымызға керек еді.
2009 жылы Елбасы әр облыста ардагерлерді қолдау туралы тапсырма берді. Сол тапсырма Сейілбек Шаухаманұлының бастамасымен республикада бірінші болып Қызылорда облысында орындалды. Кейін Сыр бойындағы аға ұрпақтың тәжірибесін бүкіл республикаға тараттық.
Адам мәңгілік емес, «Ұлықпандай тапсаң, дерттің дауасын, Рүстемдей жыртсаң, жаудың жағасын, Ескендірдей алсаң да әлем қаласын, Бәрібір сен жермен жексен боласың» демекші, соңғы сапарға шығарып сала отырып, марқұмның жаны жәннатта болғай дейміз.
Бекболат МҰҚЫШЕВ,
республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының
орынбасары.
ОЙ ТОЛҒАУ
Сейілбек Шаухаманұлы дүниеден озды дегенде сенер-сенбесімізді білмей, абдырап аңырап қалдық. Апыр-ау, осы күні кеше ғана емес пе еді, қалың елдің ортасында өзіне тән сабырлы қалпын сақтай отырып, дүниеден өткен сыйлас, бауырлас Сыр бойының абыз ақсақалы Ыдырыс Қалиұлының жылдық асында ұлағатты сөздер айтқаны, қоштасқандай болып ой тастағаны. Осыдан кейін өткен өміріңді жалған демей не дерсің?!
Адамзаттың асыл мұрасы – оның пенделерінің жер бетіне мәңгілікке өшпес із тастауы, ақыл-ой, парасаттылықтың мүсінін сөзімен де, жасаған ісімен де өзгеге өнеге етіп қалдыруы болса, бірақ ол көп адамдарға бұйырмаған дүние. Бұл ретте ол тіршілік иелерінің армандауының жөні де жоқ. Ол ұлы қасиетке ие болу – атаның қанымен, ананың сүтімен даритын табиғи ерекше құбылыс. Қадірлі бола білу – ол адами өмір сүре білудің жемісі. Өмір атты оқудың әліппесін ашудан бастап, тіршілік етудің философиясын бойына сіңіру, дарыту болашақ ұрпақ үшін ұрық шашу екенін екінің бірі біледі. Бірақ білу мен оны зерделеудің, тіршілік аясындағы бар құбылыстарға байсалдылықпен қарап, өзіңе-өзің өкім шығарып, ерік-жігеріңді бір мақсатқа бағындыру, жүзеге асыруға үнемі белсенді талпыныс, ізденіс жасау екінің бірінің қолынан келетін, ақылы, ойы жететін нәрсе деп айта алмаймыз.
Бірақ Сізді, құрметті Сейілбек аға, бүгінгі қазалы күнде, өткен уақытты еске ала отырып, отбасыңызды араласу ортаңызды отыз бес жылдан астам уақыт білгендіктен, терең зерттеп, байқағандықтан, әрбір айтқан сөзіңіздің мазмұны мен астарына терең үңілгендіктен осы ойларды қазалы күні айтуды жөн санадық.
Сіз Сыр бойының Табиғатқа, Жер-Анаға, Қоғамға, Елге сыйлаған ерекше перзенті едіңіз. Сыр бойының адал перзенті болу – алты Алаштың аяулы да ақылды, парасат биігіндегі ұрпақтарының сенімін ақтағаныңыз. Тарих тағылымы осылай үйретеді. Біз солай тәлім алудамыз. Атаның ұлы болғанша Адамның ұлы болу осылай-ақ болар, сірә-да. Сіздің сексен жас өміріңіздегі өмірбаянды баяндауды қажет деп таппадым. Ол талай азаматтардың есінде, бәріміздің көз алдымызда, көптеген жағымды әңгімелердің арқауына негіз болып, өнегесі мол, тәлімі терең, илеуі қанық, тұзы тұшымды азаматтардың тіршілігіне, өмір жолына қанат байлатқаныңыз шындық. Әлі де өрісін кеңейтіп, Исламның табиғи өмір шындығы сияқты өміршең болары сөзсіз.
Сізді біз не үшін бағалаған едік: барлық деңгейдегі азаматтармен ел тағдыры, жер тағдыры, ұлт тағдыры мәселелерімен терезесі тең дәрежеде әңгімелесе де, сырласа да, ой бөлісе де алатынсыз, ешкімді алаламайтынсыз; азаматтардың өмірлік көзқарастарының дұрыс қалыптасып, тәрбиеленуіне, іскерлік қабілеттерінің шыңдалуына ағалық қамқорлығыңызды аямай, өз білгеніңізді өзгеге үйретуден жалықпай келгенсіз; аға буын – үлкендердің өнегелі істерін дәріптеп, болашақ ұрпақтың жан-жақты тәлім-тәрбие алуына негіз қаладыңыз; өлшеулі өмірдегі тірі пенделердің игілікті істерін насихаттауды үлгі ете отырып, қалғандарының өмірлік сабақ алуына ықылас танытып келгенсіз; түйткілі көп тіршіліктің қиыншылықтарын жеңе білуге өзіңіздің ақыл-кеңесіңізді ешкім сұрамай-ақ айтудан жалыққан емессіз; пайғамбар жасына келіп, өткен өміріңізге есеп беріп, ел ризашылығын алғаныңызды да білеміз. Енді, міне, сексен жасқа аяқ басқан сәтіңізде бұл өмірмен қош айтысып, мәңгілік өмірге жол тарттыңыз.
Халқымыздың даналық сөзі «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың» демекші, сіз ұлы есімдер жолын жалғастырушы – ұстаздар ұрпағының ізбасары болып қалдыңыз; сіз, халқымыздың қанындағы шешендік талантты заманға сай жалғастырушы, ұлан асыр ақыл-ойдың қазына, береке бірлігіндей боласыз да тұрасыз; «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген қасиетті де киелі сөзді қоғамның жаңа буын басшыларына әрдайым айта отырып, өмір жолындағы ел тағдырына қатысты игілікті істердің алтын тұнбасын лайламауға үнемі игі жақсыларды шақырып келгенсіз. Құрметті еңбек демалысыңызда жүріп ардагерлер қауымын жан-жағыңызға топтастыра отырып, Сыр бойын аралап, қарапайым тіршілік тынысын жасап, өмір кешіп өттіңіз.
Осы жоғарыда айтқандардың бәрі Сіздің өмірлік жан-жарыңыз Жұпар апайдың үнемі өзіңізді сабырлыққа шақырып, барлық іске тәубе қылып, әрдайым шүкіршілік жасауында деп бағалап келгенбіз. Міне, бүгін, ата-бабаларымыз айтып кеткендей, «өмір сүру дегеніміздің өзі қамшының сабындай» болады дегені шындық екен ғой.
Қадірлі де құрметті Сәке! Тарихи өмір деген шексіз әлемінің ұзаққа кетер кейіпкері болатыныңызға біздер әрқашанда сенімдіміз. Біз үшін осы ауыр да қазалы күні бүгінгі айтарымыз: Бақұл болыңыз, жататын жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа, алдыңыз жарық, иманыңыз жолдас, артыңыз кеніш болсын деп тілейміз.
Сайлаубай ӘБІШЕВ,
Қызылорда қалалық
ардагерлер
кеңесінің төрағасы.