11 маусым: Ел тарихында орын алған оқиғалар
1991 жылы Қазақстан Республикасының Жаңа экономикалық құрылымдарды қолдау және монополиялық қызметті шектеу мемлекеттік комитеті құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығымен аталған комитет Қазақстан Республикасының Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитеті болып қайта құрылды.
1992 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының әскери соты және әскери прокуратура органдары туралы» қаулысы қабылданды.
1999 жылы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы жарияланды.
2014 жылы Парижде «Астана ЭКСПО 2017» құжаттамасын мақұлдау процедурасы өтті. «Астана ЭКСПО-2017» - Қазақстан үшін ел экономикасын одан әрі әртараптандыру және жаңғыртуға, Қазақстанның «жасыл экономикаға» өтуіне қуатты күш беретін жалпыұлттық жоба.
2017 жылы Астанада Тұрақты дамуға арналған энергетика VIII Халықаралық форумы мен Министрлер конференциясы өтті. Онда тұрақты даму саласындағы қордаланған мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Конференция қорытындылары бойынша, Министрлер декларациясы қабылданып, онда Қазақстанның ЭКСПО базасында «Жасыл» технологияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құру және «Болашақ энергиясы» инвестициялық жобаларын іске асыру бастамалары белгіленді.
2018 жылы Қызылордада «Мерейлі отбасы – 2018» байқауының жеңімпазы анықталды. Байқаудың бас жүлдесі мен республикалық кезеңге жолдаманы Сырдария ауданының тұрғындары – Бәйменовтер отбасы жеңіп алды.