«Наразылық болмайды»: Мамин үкіметтің сайлаудан кейінгі жұмысы туралы айтты
Kyzylorda-news.kz. Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын атады, хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Премьер-министр мемлекеттік орган басшылары мен әкімдерге шағын және орта бизнесті жан-жақты дамытуға тапсырма берді.
«Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының қорытындысын жариялады. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен Nur Otan съезінде ұсынылған үміткер - Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жеңіске жетті. Халықтың қолдауы арқасында елбасының стратегиялық бағдарының сабақтастығы қамтамасыз етіледі» - деді Мамин үкіметтің бүгінгі отырысында.
Үкімет басшысының айтуынша, жаңадан сайланған президенттің сайлауалды бағдарламасын толығымен іске асыру - министрлер кабинетінің ортақ міндеті.
«Соның ішінде экономика мен инфрақұрылымның тұрақты дамуы, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, сонымен қатар, білім беру мен денсаулық сақтау саласын жақсарту арқылы халықтың табысын, өмір сүру сапасын арттыру бар. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашу үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Ол жаңа өндірістің ашылуына тікелей байланысты. Мұны инвестициясыз жүзеге асыру мүмкін емес», - деді Мамин.
Премьер-министр барлық мемлекеттік орган басшылары мен әкімдерге инвестицияны көбірек тартуға, сондай-ақ, шағын және орта бизнесті жан-жақты дамытуға тапсырма берді.
«Осы жұмысты үздіксіз жүргізу керек. Жұмыс болса, халықтық тұрмысы жақсарады. Демек, наразылық та болмайды деген сөз. Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасы мен стратегиялық міндеттерін тиімді жүзеге асырудың арқасында әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік жасалады. Осы міндетті орындау үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет», - дейді Мамин.