Байқоңырда «Спектр-РГ» обсерваториясын ұшыруға дайындық жүріп жатыр
Kyzylorda-news.kz. Байқоңыр ғарыш айлағында «Спектр-РГ» обсерваториясын алып ұшатын «Протон-М» тасымалдаушы зымыранын ұшыруға дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Роскосмос баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, «Протон-М» зымыранын құрастыру аяқталған.
Бүгін 13 маусым күні ғарыш айлағында Мемлекеттік комиссияның отырысы болады, онда зымыранды ұшыруға дайындалу жұмыстары қорытындыланады.
Зымыран 14 маусым күні таңертең Байқоңыр ғарыш айлағының 81-ші алаңының ұшыру кешеніне шығарылады.
«Протон-М» тасымалдаушы зымыраны жоспарға сәйкес, 21 маусым күні Нұр-Сұлтан уақытымен 18:17-де ұшырылуы тиіс. «Протон» осымен Байқоңырдан биылдыққа екінші рет ұшпақ.
Ғарыш айлағына екі ай бұрын жеткізілген «Спектр-РГ» астрофизикалық обсерваториясының негізгі миссиясы - Ғаламды электромагнит сәулелерінің рентген диапазоны арқылы зерттеу, Ғаламның адамзат бақылайтын бөлігінің картасын жасау.