Қазалыда кафельге арналған клей шығаратын цех іске қосылды
Kyzylorda-news.kz. Қазалыда алғаш рет жоғары сапалы кафельге арналған клей шығаратын шағын цех іске қосылды. Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Алмагүл Төлепова өз кәсібін бастау үшін «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 3,5 млн теңге несие алған. Жаңа өнімнің аудан құрылысшылары үшін тиімділігі зор болмақ.
Жеке кәсіпкер цехқа қажетті құрал-жабдықтар мен арнаулы аппараттарды Шымкент қаласынан алдырған. Жұмысшылар арнайы аппараттың көмегімен әбден тазаланып еленген шеге құм, цемент, мрамор ұнтағы және вексула деген арнайы қоспаны қосу арқылы құрылыста кеңінен пайдаланылатын клейді жасап шығарады. Дайын өнім 25 келілік «Мерей строй» деген жазуы бар қаптамаларға салынады.
«Біздің тұрақты тұтынушыларымыз көп болуы үшін өнімнің сапасы жоғары, бағасы тиімді болуы керек. Қазір біз осы мақсатта еңбектеніп жатырмыз. Жергілікті жерде дайындалған өнімнің бағасы базардағыдан әлдеқайда арзан. Біз бұл істі табысты жүргізетінімізге сенімдіміз. Тек Қазалы өңірін қамтамасыз етіп қоймай, облысымыздың өзге аудандарын да қамтысақ деген ойдамыз», – дейді жеке кәсіпкер.
Сондай-ақ, жеке кәсіпкер үйдің сыртын сылауға қажетті сәндік сылақ та (дождик) шығарып жатыр. Қазіргі таңда бұл өнімге сұраныс өте жоғары.
Бүгінгі күні цехта 3 адам еңбек етеді. Барлығы арнайы сынақ бойынша қабылданған. Алмагүл Төлепова мамандардың білікті әрі өз ісін жетік білетін азаматтар болғанын қалайды. Сондықтан да жұмысшыларға Шымкенттен келген мамандар бар білгендерін үйреткен.