Қызылордалық полицейлер қайырымдылық көмек көрсетті
Kyzylorda-news.kz. 23 маусым – Қазақстан полициясы күні мерекесі қарсаңында бүгін Қызылорда облысы Полиция департаменті басшылығы мен Ардагерлер кеңесі «Сәбилер үйінің» тәрбиеленушілеріне қайырымдылық көмек көрсетті. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс орталығында орналасқан сәбилер үйіне арнайы барған Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров пен Қызылорда ОПД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбай балаларды және олардың дәрігерлерін құттықтап, мерекелік сый ұсынды.
Кәсіби мереке қарсаңында өткізілген қайырымдылық шараға көңілі марқайып, балалардың атынан «Сәбилер үйінің» бас дәрігері Рысмухамедова Күләш Райбекқызы Полиция департаменті басшылығына алғысын жаудырды. Сыр сақшыларының еңбегінің ұшан-теңіз екендігін айтып, қайраттары арта берсін деген тілегін жеткізді.
Шараны ұйымдастырушылар балаларға түрлі сыйлықтар тарту етіп, ойындар ұйымдастырды.
Осындай игілікті шаралар департамент тарапынан бұрын-соңды да дәстүрлі түрде атқарылып келеді. Бұл халқымыздың нәзік және осал тобының елеусіз қалмайтындығының айғағы.