Қызылордада жерленген Кореяның халық қаһарманын отанына жеткізу талқылануда
Kyzylorda-news.kz. Корея халқының қаһарманы Хон Бом До сүйегін Қазақстаннан отанына жеткізіп, қайта жерлеу көзделіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл туралы Сеулде Понодон түбіндегі шайқастың 99 жылдығын атап өту шарасында белгілі болды. 1920 жылы Қытай аумағында Корея тәуелсіздігі үшін күрескен Хон Бом До әскері жапон отрядын талқандаған болатын. Бұл ұлт-азаттық қозғалыс тарихындағы ең ірі жеңістің бірі болды. 1937 жылы Кеңес одағының билігі Қиыр Шығыста тұратын барлық кәрістерді жер аударған. Осылай Хом Бом До Қазақстан жеріне табан тіреген еді. Қолбасшы 1943 жылы Қызылорда қаласында дүниеден озған. Мұнда оның есімімен көше аталып, ескерткіш орнатылды. Биыл сәуір айында Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Иннің елімізге сапары барысында тәуелсіздік үшін күрескен екі қайраткер Хван Ун Ден және Ге Бон У сүйектері отанына жеткізіліп, қайта жерленген болатын. Енді Хон Бом До сүйегін еліне қайтару туралы келіссөздер жүріп жатыр. Бірақ халық қаһарманы Пхеньянда дүниеге келгендіктен, бұған Солтүстік Корея тарапының келісімі қажет.
«Президент Мун Чже Ин Қазақстан президентімен кездесуінде қолбасшы Хон Бом До сүйегін сақтау мәселесін жан-жақты талқылады. Қазақстан үкіметі Солтүстік пен Оңтүстік Корея арасындағы келісім негізінде өз шешімін қабылдайтынын жеткізді. Алайда бұл келісімге әлі нүкте қойылған жоқ. Дегенмен қазір екі елдің сыртқы істер министрлері осы мәселені талқылап жатыр», - дейді Корея Республикасы ұлттық ассамблеясының депутаты Ву Вон Сик.