«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастар бас қосты
Kyzylorda-news.kz. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Ә. Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының коворкинг орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» тақырыбындағы әлеуметтік хакатон ұйымдастырылды.
Әлеуметтік хакатонға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы белсенділері, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.
Әлеуметтік хакатонның модераторы, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Уалихан Ибраев «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» тақырыбында жастарға еліміздегі және әлем елдерінде болып жатқан құбылыстар жайлы кеңінен тарқатып айтты.
Облыстық «Жаңғыру жолы» ЖҚ төрағасы Пак Валерий және төрағасының орынбасары Демиденко Евгений «Сананың ашықтығы» қазіргі жастардың білімге, ғылымға, IT-саласына баса мән беру қажеттігі тақырыбында ой қозғады.
Өңірлік «Рухани жаңғыру» орталығының қызметкері Бекарыс Нуриманов «Ұлттық бірегейлікті сақтау» тақырыбында Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласынан мазмұнды мысалдар келтіре отырып, ұлттық болмыс және болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру тұрғысында тұшымды ой-пікірін жеткізді.
Кездесу соңында қатысушылар, спикерлер тарапынан айтылған тақырыптар төңірегінде қызу пікір таластырды. Бірқатар қатысушылардан осы мәселелерге байланысты ұсыныстар келіп түсті. Кездесу барысында айтылған барлық ақпараттар мен ұсыныстар жастар арасында кеңінен насихатталып, алдағы жұмыс барысында басшылыққа алынатын болды.