ЕРКІН ЕЛДІҢ ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы «Жастар – рухани жаңғыру жолында» слетін өткізді. Оған түрлі этнос өкілдері, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттері, «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері, облыстық жастар ресурстық орталығының, жастар ұйымдарының мүшелері қатысты.
Слетте облыстық ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы төрағасының орынбасары Евгений Демиденко биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған слеттің ашылуымен құттықтады.
– Қазіргі таңда облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының құрамында 50-ден астам жас мүшелік етеді. Сонымен қатар штаб жанынан жұмыс тобы құрылды. Жұмысшы топ құрамына белсенді 10 жас сайланды. Бүгінде «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысын аудандардағы жастармен толықтыру жұмыстары жүргі-зілуде. Өңірлік «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жұмысын жетілдіру мақсатында «Достық үйінен» арнайы кабинет ашылды. Елбасының кезекті Жолдауы барлығымызға ерекше серпін берді. Барлық жастар үшін қуанышты жаңалық, келесі жылдың «Жастар жылы» деп аталуы болды. Бұл – жастар үшін мүмкіндік жылы, жаңашылдық пен серпіліс жылы, – деді ол.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешова «Жұмыспен қамту-2020» Жол картасы», «Жастардың кадрлық резерві», «Дипломмен – ауылға!», «Жасыл ел», «Білім мен ғылымды дамыту», «Үш тілде білім беруді дамытудың бағдарламасы», «Серпін», «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» жобалары жарқын болашаққа жетелейтінін айтты.– Бұл – Қазақстанда орнаған бейбітшілік пен бірліктің арқасында атқарылған жұмыстар. Қазіргі таңда қазақ жерінде қалыптасқан достық пен келісім арқасында 135 этнос пен 18 конфессия бейбіт өмір сүріп жатыр. Саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді іске асыруда Қазақстан халқы ассамблеясы жетекші роль атқарады. Ас-самблеяның беделі мен мәртебесі өсіп, Қазақстанды бейбітшілік пен татулық орныққан ел ретінде бүкіл әлемге танымал етті, – деді Л.Төрешова.
Слет аясында семинар-тренинг ұйымдастырылды. Үш секцияға бөлінген жастар «Grand master» бағдарламалау мектебінің директоры Арман Қуанышбаевтың «Жаңа технология: IT және Smart City», «Жатар ресурстық орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Ардақ Аукеновтың «Көшбасшылыққа қажетті өмірлік ұстанымдар» және «Жас Отан» ЖҚ облыс бойынша филиалының төраға-сы Талғат Тілестің «Жастар рухани жаңғыру жолында» тақырыбындағы тренинг жұмыстарына қатысты.
Жиын соңында достықты, бірлікті нығайтуға бағытталған қоғамдық жұмыстарға, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткізілген мәдени шараларда айрықша белсенділік танытқан жастар Алғыс хатпен марапатталды.