РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ - ҰЛТТЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай Жаңақорған ауданындағы Қожамберді ауылдық округінде «Алпамыс батыр» жырының кейіпкері Гүлбаршын сұлуға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.
Батырлар жыры немесе қаһармандық эпос – халық өмірінің тұтас бір дəуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі əлеуметтік қайшылықтар мен тартыстарды бейнелейді. Осындай батырлар жырының бірі – "Алпамыс батыр" жыры. Жалпы туынды осындай ел перзенті болса дейтін халық аңсарынан туған жыр болып табылады.
Қайсыбір дастанды алып қарасаңыз да, батырдың ақылшысы, қамқоршысы, қиналғанда демеу болар сүйген жары əрдайым парасат-пайымымен көзге түсіп, ерекше суреттеледі. «Алпамыс батыр» жырының жағымды кейіпкерінің бірі, батырдың сүйген жары – Гүлбаршын. Ондағы көптеген əңгімелер Гүлбаршынға байланысты өрбіп отырады. Жырдағы сюжет құрылысында айрықша орын алған оның образын жасауға жыршылар үлкен мəн берген.
Ескерткіштің ашылуында ауыл ақсақалдары Гүлбаршын асқан көркемдік, сұлулықтың бейнесі ғана емес, сонымен қатар ел арқа сүйеген сенімді серік болғандығы жөнінде айтып, Елбасы бастамашы болған бағдарламаның ел арасындағы осындай қазыналарымызды қайта жаңғыртуға сеп болатындығын жеткізді. Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруынан басталатынын тілге тиек етті.
Шара соңында Гүлбаршын ару рухына арнап ас беріліп, Құран бағышталды.