ҮЕҰ өкілдері марапатталды
Kyzylorda-news.kz. ҚАЖ департаменті пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалту бағытында үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесіп атқарылған жұмыстарды қорытындылады.
Жиынға «Нұрлы-Бағдар» қоғамдық қор өкілі Баянбай Исраилов, Қызылорда қалалық жастар еңбек жасағының облыстық штабы қоғамдық бірлестігінің өкілі Сәдірбек Жұмабеков, Арал аудандық «Жас Арал өреңдерім» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Ізбасаров, Сырдария аудандық «Сырдария жастар ресурстық орталығының» директоры Ғани Оралов, Жалағаш аудандық «Темірқазық» Жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Райсұлы және Қызылорда қалалық, аудандық пробация қызметінің қызметкерлері қатысты.
ҚАЖ департаментінің пробация қызметіне басшылық жасау тобының бас маманы әділет майоры Ө.Сейдахметов бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалту бағытында үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жиын барысында ҚАЖ департаментінің бастығы әділет полковнигі Мұрат Нәкенов Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33-қадамын және «Пробация туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылдың 30 желтоқсанындағы заңнамасын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 8 желтоқсанында №387 Жарлығына сәйкес пробация қызметінің жұмыстарына өз үлестерін қосқан үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлерін марапаттады.
«Нұрлы-Бағдар» қоғамдық қор өкілі Баянбай Исраилов пробация қызметіндегі сотталғандардың болашаққа деген сенімдерін оятып жұмыс жасау керектігін және 2018 жылы Қазалы, Қармақшы аудандық ПҚ бөлімдерімен бірлесіп атқарған жұмыстарын ерекше атап өтті.
Департамент бастығы әділет полковнигі М.Нәкенов пробация қызметіне үкіметтік емес ұйымдарымен жұмысты одан әрі жандандыруды тапсырды.